Премьер-министр Олжас Бектенов жұмысшы мамандықтарға арнап арнайы бастаманы жүзеге асыруды тапсырды
Елімізде тағы бір жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама іске қосылуы мүмкін. Премьер-министр Олжас Бектенов жұмысшы мамандықтарға арнап арнайы бастаманы жүзеге асыруды тапсырды. Үкімет басшысы бірқатар министрлікке кәсіпорындармен, әкімдіктермен және Отбасы банкімен бірлесе отырып, бұл мәселені пысықтауға пәрмен берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Премьер-министр Қазақстанға мыңдаған білікті жұмысшы қажет екенін алға тартып, әкімдіктер кәсіптердің өңірлік атласын жасау қажет екенін жеткізді. Әзірге мұндай құжат тек 9 облыста ғана бар екен.
"Біз осы атластар арқылы экономикамызға, кәсіпорындарға қандай мамандардың керек екенін анықтайтын боламыз. Эономикаға келетін қажетті мамандардың бағыттары өзгеретін болатын болса, оқу орындарының да бағдарламасы толық өзгеруі керек. Сондықтан да осы мәселеге көп көңіл бөлгелі отырмыз", – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова.
Биыл 12 мың адам онлайн кәсіптік оқытудан өтеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова бұл бастама жұмыс берушілердің сұранысынан туындағанын айтады. Бүгінде студенттердің практикалық дағдыларын игеру үшін электронды еңбек биржасында өндірістік практика функционалы іске қосылып, 400 мыңнан астам адам курс оқыған.
"Онлайн оқыту платформасында 643 онлайн курс қолжетімді. Ал оқытудан 410 мың адам өтті. Біздің жоспарымызда виртуалды және қосылған шындық технологияларын қолдана отырып, жұмысшы мамандықтары бойынша практикалық және өндірістік практика көзделген. Пилоттық жобалар Қонаев, Өскемен, Түркістан, Астана және Шымкент қалаларының мансап отралықтарында іске асыралатын болады", – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.
Оқи отырыңыз: Экономикалық өсуді қамтамасыз ету: Қазақстан Үкіметінің жаңа бастамалары