Бұл дегеніміз – 352 мыңнан аса кәсіпкер
Елде кәсіпкерлікті қолдау қарқынды жүзеге асып жатыр. Ranking.kz порталының дерегінше, шағын және орта бизнес өкілдерінің ең көп үлесі Алматыда шоғырланған екен. Бұл дегеніміз – 352 мыңнан аса кәсіпкер, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда 2 млн-нан астам шағын және орта бизнес субъектілері бар екен. Мәселен, сауда және автожөндеу секторында 718 мыңға жуық, ауыл шаруашылығында – 299 мыңнан аса және өңдеу өнеркәсібі саласында 106 мыңнан аса кәсіпкер бар.
Өңірлер бойынша олардың үлесі Алматы қаласында көп. Келесі кезек Астана мен Түркістан облысында. Жалпы елде шағын және орта бизнестің даму қарқынында тұрақты өсім бар көрінеді.
Мәселен 2023 жылы олардың өндіріс көлемі 68,7 трлн болған. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 16%-ға жоғары.
Айта кетейік, 2023 жылдың қорытындысы бойынша, шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 36,5 пайызға жетіпті. 2018 жылы бұл көрсеткіш 28,4% төңірегінде болған еді.
Бүгінде бизнесті қолдау қарқынды. Соның ішінде экономиканың басты драйвері саналатын шағын және орта бизнес мемлекет ұсынған бағдарламалар шарапатын көріп отыр. Сондай қолдау шараларының бірі –2019 жылы басталған «Алматы бизнес-2025» бағдарламасы.
«Бұл бағдарлама шеңберінде кез келген өндірістік жобалар, инновациялық, экспортқа бағытталған жобалар, денсаулық сақтау, спорт туризм, айти бағыттары қаржыландырылады. Бағдарламаның негізгі шарттары несие сомасы 500 млн теңгеге дейін 6 пайыздық мөлшерлемемен 7 жылға дейін беріледі. 2019 жылдан бүгінге дейін 36 миллиард теңгеден астам сома бизнеске несие ретінде берілді», - деді «Almaty Finance» басқармасы төрағасының орынбасары Жұлдыз Игенов.
Қазіргі таңда 650-ден астам жоба осы қаражат есебінен жұмыс істеп жатыр екен. Бұл бағдарламаға ендігіде өзгертулер енгізілуі мүмкін. Спикердің айтуынша, түзетулер кәсіпкерлер қажеттілігіне сай, оң ықпал етуі тиіс. Осы тұста қоса кетейін, бір Алматының өзінде кәсіпкерлікті дамытуға қазынадан 48 млрд теңгеден астам қаражат бөлініпті.
Оқи отырыңыз: Алматыда «Еңбек адамы» марапаты кімдерге табыс етілді