Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан – шығыс пен батыстың арасындағы алтын көпір

25.12.2025 16:28

Президент Жамбыл облысының жұртшылығымен кездесті

Almaty.tv

Мемлекет басшысының айтуынша, ел экономикасының дамуына қосымша серпін беру үшін маңызды жобаларды қолға алынды, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Бүгінде сол жұмыстың нәтижесін де көре бастадық. Соңғы бес жылда ұлттық экономика 15,8 пайызға өсті. Биылғы өсім 6 пайыздан асты. Бұл – 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 47 пайызға артты. Алтын-валюта резерві және Ұлттық қор активтерінің көлемі рекордтық межеге жетіп, 125 миллиард доллардан асты», – деді Президент.

Сондай-ақ Президент «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі мерзімінен бұрын іске қосылғанын атап өтті.

«Бұл – Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы. Бірнеше айда осы жолмен қосымша 6 миллион тонна жүк тасымалданды. Қазір «Мойынты – Қызылжар» бағытында теміржол салынып жатыр. Қазақстан – шығыс пен батыстың арасындағы алтын көпір. Біз бұл мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз қажет.Осы жылы 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделуде. Әуе қатынасын дамыту ісіне де баса мән беріліп жатыр. Әлемнің ірі қалаларымен тікелей қатынас орнатылып жатыр, 36 жаңа әуе рейсі ашылды. Осылайша, Қазақстан Еуразия құрлығындағы транзит хабы ретінде қалыптасуы әбден мүмкін. Бұл – стратегиялық маңызы бар мақсат. Сондай-ақ интернет еліміздегі азаматтардың 90 пайызына қолжетімді болды. Қазақстан – Starlink желісіне ие болған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Еліміз құрылыс саласында зор табысқа жетті. Биыл 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Мыңдаған отбасы баспаналы болды», – деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы: Биыл Жамбыл облысына 600 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды