Қасым-Жомарт Тоқаев шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жедел қабылдауды тапсырды

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жедел қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды, Almaty.tv.

«Құжатта өңірлердің ерекшелігі мен кәсіпкерлерді нақты қолдау тетіктері қарастырылуға тиіс. Жергілікті өнімге, білім мен заманауи технологияға басымдық беру айтарлықтай нәтиже әкелетінін тәжірибе көрсетті. Мысал ретінде Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA) және «Атамекен» ұлттық палатасының қолдауымен жүзеге асқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасын келтіруге болады. Ауыл-аймақтардан осындай ақылға қонымды өтініштер мен ұсыныстар жиі түседі. Мәселен, қой мен ірі қара терісін өңдейтін кәсіпорын ашу туралы бастаманы айтуға болады. Неге екенін қайдам, қанша жыл өтсе де осы шаруаны Үкімет те, бизнес те қолға алмаған. Әйтсе де шағын және бизнес бұл кәсіппен айналысуға ниетті.

Үкімет ортақ жауапкершілік қағидатына сай мемлекет пен бизнестің тиімді қарым-қатынас жасауына жан-жақты ықпал етуі керек. Бұл ауылдар мен шағын қалалардың дамуына тың серпін береді»6 - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті ретінде кәсіпкерлерге шынайы құрметпен қарайтынын атап өтті.

«Қазір әлемде болып жатқан үдерістерді бәріңіз де көріп-біліп отырсыздар. Геоэкономикалық ахуал өте құбылмалы әрі бұлыңғыр. Осындай кезеңде бизнес өкілдерінің жасампаздық, отаншылдық қасиеттері айқын көрінеді. Мұндай уақытта кәсіпкерлеріміздің табанды еңбегі және ел болашағына деген зор сенімі аса маңызды екені анық.  Түптеп келгенде, сапалы өнім шығарып, сапалы қызмет көрсету – бәсекеге қабілетті болу және ең бастысы, еліміздің өркендеуіне нақты іспен үлес қосу деген сөз.

Ел Президенті ретінде кәсіпкерлерге, ұлттық буржуазиямызға, соның ішінде, ең алдымен, осы залда отырған бизнес қоғамдастықтың өкілдеріне шынайы құрметпен қараймын. Сіздердің қабілеттеріңізге, іскерлік және адамгершілік қасиеттеріңізге сенемін.  Сіздер мемлекетіміздің игілігі, экономикалық әлеуеті үшін табанды еңбек етіп келе жатқан Қазақстанның нағыз патриотысыздар. Сіздер жетістікке жетуден шабыт алатын, өзгелерге үлгі болатын азаматсыздар. Әр қадамдарыңыз сәтті болатынына сенімдімін.  Қандай да бір істе болсын, пессимизмге бой алдыратын, әрекетсіз, құлықсыз, іші тар адамдардың жетістікке жетпейтіні ертеден белгілі. Мұны, әсіресе, әлеуметтік желіде уақытын өткізіп жатқан жастар білуі әрі есте сақтауы керек.  Шығыс даналығы ең қиын жағдайдың өзінде үлкен мүмкіндіктер жасырынып жататынын айтады. Сондықтан еңсені түсіріп, күйзеліске берілудің қажеті жоқ. Керісінше жетістікке жететін жол іздеу керек». - деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев «Мейірім» орденін тағайындады

Новости партнеров