Қазақстан экспортының өсу қарқыны импорт өсімінен 4 есеге көп - министрлік

17.10.2026 11:16

Сыртқы сауданың жалпы өсуі аясында агроөнеркәсіптік кешен айқын серпін көрсетті

Depositphotos.com

2026 жылдың қаңтар–тамыз айларының қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 103 млрд долларға жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,8%-ға өсті. Бұл ретте экспорттың өсу қарқыны импорттың өсімінен төрт еседен астам жоғары болды, соның нәтижесінде елдің сауда балансы айтарлықтай нығайды, деп хабарлайды Almaty.tv.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінен хабарлағандай, сегіз ай ішінде Қазақстан 60,4 млрд долларлық тауар экспорттады, бұл былтырғыдан 19,5%-ға көп. Ал, импорт 4,5%-ға өсіп, 42,6 млрд долларды құрады. Нәтижесінде сыртқы саудадағы оң сальдо 17,8 млрд долларға жетті, ал 2025 жылдың сәйкес кезеңінде ол 9,8 млрд доллар болған еді.

Сыртқы сауданың жалпы өсуі аясында агроөнеркәсіптік кешен айқын серпін көрсетті. Қазақстан ауыл шаруашылығы шикізатының да, оны қайта өңдеу өнімдерінің де жеткізілімін арттыруда. Сонымен қатар бірқатар тауар позициясы бойынша өсу қарқыны экспорттың жалпы динамикасынан әлдеқайда жоғары.

Ең жылдам дамып келе жатқан бағыттардың бірі  - күнбағыс майы. Қаңтар–тамыз айларында оның экспорты 48,5%-ға артып, 672,8 млн долларға жетті. Заттай көріністе жеткізілім 35,9%-ға өсіп, 611,4 мың тоннаны құрады. 2025 жылдың қорытындысымен Қазақстан күнбағыс майын экспорттаушы алғашқы алты елдің қатарына кірсе, Қытайға жеткізуші елдер арасында екінші орынды иеленді. Күнбағыс күнжарасын экспорттау бойынша еліміз Еуропалық Одақ пен Қытайға ең ірі жеткізушілердің үштігіне енді, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің қажеттілігінің едәуір бөлігін қамтамасыз етеді.

Астық секторы да оң динамика көрсетуде. Бидай экспорты 26,5%-ға өсіп, 1,25 млрд долларға жетті. Шетелге 5,5 млн тоннадан астам астық жөнелтілді, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңнің көрсеткішінен 13,8%-ға жоғары.

Сонымен бірге астықты қайта өңдеу өнімдерінің жеткізілімі де ұлғаюда. Бидай және бидай-қарабидай ұнының экспорты 36%-ға өсіп, 400 млн долларға жетті. Заттай көріністе жеткізілім 22,8%-ға артып, 1,38 млн тоннаны құрады. Тағы бір айтарлықтай бағыт – зығыр тұқымы. Сегіз айда оның экспорты құндық көріністе 2,3 есе өсіп, 387,8 млн долларды құрады. Бұл ретте жеткізілімнің физикалық көлемі 2,5 есе артып, 780,8 мың тоннаға жетті.

Жануарларды азықтандыруға арналған дайын өнімдердің экспорты да едәуір өсті. Жеткізілім құны 60,8%-ға артып, 577,6 млн долларды құрады, ал физикалық көлемі 44,2%-ға өсті.

Жалпы алғанда, күнбағыс майы, ұн және жануарларға арналған дайын азық экспорты 1,65 млрд долларды құрады. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда осы үш санаттың жеткізілімі құндық көріністе шамамен 48%-ға өсті. Бұл – қосылған құны жоғары өнім экспортының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

Агроөнеркәсіптік кешеннен бөлек, экспорттық түсімнің өсімі металлургия және тау-кен өнеркәсібі салаларында да тіркелді. Мыс пен мыс катодтарының жеткізілімі 55,7%-ға артып, 3,9 млрд долларға, уран жеткізілімі 26,9%-ға артып, 3,1 млрд долларға жетті.

Импорт құрылымында да өзгерістер орын алды. Қазақстан өнеркәсіптік және энергетикалық жабдықты сатып алуды арттыруда. Атап айтқанда, электргенераторлық қондырғылар импорты 86,5%-ға өсіп, 916,5 млн долларды құраса, газ турбиналарын қоса алғанда, турбореактивті және турбовинтті қозғалтқыштар импорты 3,3 есе өсіп, 611 млн долларға жетті.

Қытай Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі болып қала береді. Онымен сегіз айдағы тауар айналымы 23,3 млрд доллар немесе елдің барлық сыртқы саудасының 22,7%-ын құрады. Екінші орында – Ресей (18,3 млрд доллар), үшінші орында – Италия (11,8 млрд доллар). Осы үш елдің үлесіне Қазақстанның сыртқы сауда айналымының жартысынан астамы тиесілі.

Сонымен қатар экспорт пен импорт географиясының өзіндік ерекшеліктері бар. Италия қазақстандық тауарларды ең көп сатып алушы болды: жеткізілім көлемі 10,9 млрд доллар, ол Қытайдан (10,7 млрд доллар) сәл ғана алда. Ал Ресей Қазақстанға тауар жеткізуші елдер арасында бірінші орында, импорт көлемі 13,2 млрд доллар.

Агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің, ең алдымен күнбағыс майының, ұн мен дайын жемнің экспортының өсуі қосылған құны жоғары тауарлар жеткізілімінің кеңейіп жатқанын және қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтардағы ұстанымын одан әрі нығайту әлеуетінің бар екенін көрсетеді.

Оқи отырыңыз: Республика күніне орай Қазақстанда ауқымды жеңілдіктер басталды

Толық көрсету