Жасанды интеллект жаңа кен орындарын ашуды жеделдетпек
Қазақстан болашақта жоғары деңгейде өңделген өнімдер шығаратын өндірістерді іске қосу үшін геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция салуда, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Үкіметтің баспасөз қызметінен хабарлағандай, 16-шы Astana Mining & Metallurgy 2026 конгресінде Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов геологиялық барлау жаңа кен орындарын ашу, минералдық-шикізат базаны кеңейту және болашақ инвестициялық жобаларды іске қосу мүмкіндіктерін айқындайтынын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев геология саласын дамытуға және елдің ресурстық әлеуетін кеңейтуге ерекше көңіл бөледі. Осыған байланысты Қазақстанда жер қойнауын геологиялық зерттеудің ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта еліміздің аумағын егжей-тегжейлі геологиялық картографиялау жұмыстары басталды. Жер қойнауының геологиялық зерттелу аумағы 2 млн шаршы шақырымнан асады. Президенттің тапсырмасы бойынша 2026–2028 жылдары геологиялық барлау жұмыстарына тек мемлекет тарапынан $470 млн-ға жуық инвестиция салынады. Бұл алдыңғы екі онжылдықтағы шығындар көлемімен шамалас. Біздің міндетіміз – аумақтың зерттелу деңгейін арттырумен ғана шектелмей, озық технологияларға, цифрлық шешімдерге және халықаралық серіктестікке негізделген заманауи геология саласын қалыптастыру. Дәл осы жаңа кен орындарының ашылуы алдағы уақытта пайдалы қазбаларды өндіру, қайта өңдеу және жоғары деңгейде өңделген өнімдер шығару бағытындағы жобаларды жүзеге асырудың негізіне айналуы тиіс», — деп атап өтті Премьер-министр.
Оның айтуынша, жасанды интеллектіні геологиялық барлау үдерістеріне енгізу еліміздің минералдық-шикізаттық базасын игеру тиімділігін арттырып, жаңа кен орындарын ашу жұмыстарын жеделдетеді
Премьер-министр Олжас Бектенов тау-кен металлургия саласын дамытудың маңызды құралдарының бірі цифрлық трансформациялау екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Тау-кен металлургия кешені үшін бұл өндірістік және геологиялық үдерістерді басқарудың түбегейлі жаңа моделіне көшуді білдіреді. Цифрлық технологиялар еңбек өнімділігін арттыруға, шығындарды төмендетуге, ресурстарды тиімді басқаруға және шешімдерді үлкен деректер негізінде қабылдауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бүгінде Қазақстанда Біріккен жер қойнауын пайдалану платформасы құрылды, ол арқылы 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Лицензия беру және жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерін бақылау процестері автоматтандырылды. Бұрын қағаз түрінде, магниттік таспаларда және фотосуреттерде сақталған 4,6 млн-нан астам бастапқы геологиялық ақпарат цифрланды.
«Келесі кезеңде жасанды интеллект технологияларын геологиялық барлау, деректерді талдау және өндірісті басқару процестеріне интеграциялау қажет. Бұл еліміздің минералдық-шикізаттық базасын игеру тиімділігін айтарлықтай арттырып, жаңа кен орындарын ашуды жеделдетіп, қабылданатын шешімдердің сапасын жақсартады», — деп атап өтті Премьер-министр.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның ЖІӨ көлемі алғаш рет 300 млрд доллардан асты - Бектенов