«Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы: екі ел арасында қандай жобалар жүзеге асады

Almaty.tv
Almaty.tv

Былтыр мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 50 миллиард долларға жуықтаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Коммерциялық келісімдер, жүздеген делегат және ел экономикасын еселеуге бағытталған жаңа жобалар. Алматыда «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кету керек, соңғы жылдары екі елдің сауда-экономикалық байланысы нығайып келеді. Былтыр мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 50 миллиард долларға жуықтаса, Қытайдан Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 29 миллиард доллардан асқан. Ендігі міндет – жаңа өндіріс орындарын ашып, онда шикізатты өңдеп, заманауи технологияларды енгізу.

«Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы ел экономикасының төрттен бірін құрайтын Алматыда өтті. Маңызды жиын басталмас бұрын форум қонақтары Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті.

Форумға Қазақстан мен Қытайдың 300-ге жуық компаниясы, мемлекеттік органдар мен даму институттарының өкілдері қатысты. Соңғы жылдары тараптар арасындағы әріптестік жаңа кезеңге қадам басып келеді. Яғни, ынтымақтастық енді тек сауда-саттықпен шектелмейді. Қытайлық инвесторлар Қазақстанда өндіріс орындарын ашып, өңделген, дайын өнім шығаруға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға ниетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастың маңызына тоқталды.

«Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Былтыр екі елдің тауар айналымы рекордтық межеге жетіп, 50 миллиард долларға жуықтады. Үкіметтеріміз бұл көрсеткішті 100 миллиард долларға дейін жеткізу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр. Инвестиция саласындағы ынтымақтастығымыз да тұрақты дамып келеді. Қытай Қазақстан экономикасына 29 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Осылайша, еліміздің аса ірі инвесторларының біріне айналды», – деді Мемлекет басшысы.

Тараптар бірлескен жоғары технологиялық өндірістерге бет бұрып отыр. Соның бірі – Алматыда жүзеге асатын ірі жоба. Қазақстандық жетекші IT компания қытайлық әріптестермен бірлесіп, білім беру, қызмет көрсету және гуманоид роботтар өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Қазақстандағы кәсіпорын қытайлық компанияның шетелдегі алғашқы өндіріс алаңы болмақ. Жоба аясында роботтарды құрастырумен қатар, технология трансфері, мамандар даярлау және жасанды интеллект пен робототехника саласында да бірігу көзделген.

«Іс жүзінде жұмысты бастап кеттік. Қазан айында отандық тауар өндірушілер реестріне еніп, білім беру робототехникасы сегментін іске қосамыз. Әкімдіктің тапсырмасы бойынша жыл соңына дейін Алматының 60-қа жуық мектебін қазақстандық роботтармен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, ал 2027-2028 жылдары тағы 200-ден астам мектепті қамтимыз», – деді отандық компанияның бас атқарушы директоры Ерлан Нәбиев.

Ірі жобалардың тағы бірі – Алматы облысында астық өңдеу кешенін салу. Қытайлық компания бұл жобаға 739 миллион доллар инвестиция құюды жоспарлап отыр. Кешеннің жылдық қуаты 3 миллион тоннаға дейін астық өңдеуге жетеді. Мұнда глутамин қышқылы, глютен, мал азығы және өзге де өнім түрлері шығарылады.

«Түпкілікті өнім шығару үшін жергілікті шикізатты, яғни шамамен 1 миллион тонна бидайды пайдаланамыз. Қазақстанның ауыл шаруашылығы ресурстарына бай екенін ескерсек, жобаның әлеуеті өте зор. Жоба шамамен 1000 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», – деді қытайлық компания директорының орынбасары Сунь Яо.

Сондай-ақ форум аясында Мемлекет басшысы бейнебайланыс режимі арқылы Жамбыл облысында жүгері өңдеу бойынша өнеркәсіп паркі құрылысын бастауға рұқсат берді. Аталған жоба аясында жыл сайын 500 мың тоннаға жуық дақыл өңделеді.

Жиында автомобиль өнеркәсібін дамыту, көлік инфрақұрылымын жетілдіру және логистикалық әлеуетті арттыру мәселелері де талқыланды. Бүгінгі таңда көршілес елдің капиталының қатысуымен елімізде 9 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Инвестициялар өнеркәсіп, логистика, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды салаларға бағытталып отыр.

Оқи отырыңыз: Президент логистика және электронды коммерция саласындағы әріптестікті талқылады