Алматыда дәрігерлер транскатетерлік ота жасауды жетілдіруде
Қытайдан келген білікті мамандар митралды қақпақшаны қалпына келтіруге арналған жаңа жүйені таныстырды
Қанайналым жүйесінің аурулары – әлемдегі өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірі. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгінде елімізде екі миллионға жуық адам аталған дерт бойынша есепте тұр. Солардың бірі – қала тұрғыны Надежда Пархоменко. Ол осыдан отыз жыл бұрын инфаркт алған. Жақында оған митралды қақпақшаға транскатетерлік реконструкция жасалды. Науқас бұл отаға келіскеніне қуанышты екенін әрі жүрек тұсындағы ауырсынудан арылғанын жеткізді.
«Қазір аяғым жүріп тұр. Бұған дейін неврологтар да тексерді. Сөйтсем, барлығы жүрекке байланысты екен. Ағзама қан жеткіліксіз болған. Ал мына операция өте жылдам жасалды. Науқас тез қалпына келеді. Бүгін тігістерімді алып тастады. Қазір тіпті орнымнан өзім тұра аламын», – деді Надежда Пархоменко.
Аталған процедура шамамен төрт сағатқа созылады. Осы уақыт ішінде арнайы түтікше қан тамыры арқылы жүрекке жеткізіледі. Оның көмегімен митралды қақпақшаның екі бөлігін біріктіріп ұстап тұратын құрылғы орнатылады. Осылайша дәрігерлер қақпақшаның қызметін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл әдіс Қазақстанда екі жылдан бері қолданылады. Медицина мамандарының айтуынша, Алматыда жыл сайын осындай отаны шамамен 40 науқасқа жасайды.
«Бізге жасы үлкен, жағдайы ауыр, тынысы қатты тарылған науқастар келеді. Бұрын мұндай адамдарға көбіне ашық кардиохирургиялық ота жасалатын. Ол қауіптірек. Бұл – технологиялық тұрғыдан күрделі операция. Оны жасау үшін үлкен тәжірибе қажет. Мұнда бүкіл команданың, әсіресе интервенциялық кардиологтың жұмысы өте маңызды», – дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ рентгенэндоваскулярлық операциялар бөлімінің меңгерушісі Алексей Колесников.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын осы аурулардың салдарынан әлемде 20 миллионға жуық адам көз жұмады. Осыған байланысты дәрігерлер жүрек ауруларын емдеудің заманауи әдістерін барынша жылдам енгізуде.
Айта кетейік, Алматыда өткен шеберлік сабағында Қытайдан келген білікті мамандар митралды қақпақшаны қалпына келтіруге арналған жаңа жүйені таныстырды.
Айдана Шалқар, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Маңғыстауда аман қалған әскери қызметші ем қабылдап жатыр