Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің тауар айналымы 8,8 миллиард долларға жетті

02.11.2026 19:57

Алматыда Екінші Тянь-Шань форумы өтіп жатыр

Былтыр Қазақстанның Орталық Азия елдерімен арадағы тауар айналымы 8,8 миллиард долларға жетті. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,4 пайызға жоғары көрсеткіш. Ендігі міндет – өзара сауданы ұлғайтып қана қоймай, ортақ өндіріс орындарын ашып, көлік-логистика байланысын нығайту. Бұл мәселелер Алматыда өтіп жатқан Екінші Тянь-Шань форумында талқыланды, 

«Орталық Азиядағы орнықты өзара байланысты нығайту және сапалы инвестицияларды тарту» тақырыбындағы жиынға өңір елдерінің үкімет өкілдері, халықаралық қаржы ұйымдары, кәсіпкерлер мен сарапшылар қатысуда. Басқосуда сауда кедергілерін азайту, шекарадан жүк өткізу тәртібін жеңілдету және жаңа көлік бағыттарын дамыту мәселелері көтерілді. Қазақстан теміржол мен автожолдардың өткізу мүмкіндігін арттырып, жүк тасымалын цифрландыруға мүдделі.

«Біздің ортақ міндетіміз – сауда көлемін арттырумен ғана шектелмей, оған кедергі келтіретін тосқауылдарды жою, сауда-саттық тәртібін жеңілдету, электронды сауданы дамыту және кәсіпкерлердің көрші елдердің нарығына шығуына жол ашу. Сонымен қатар өндірістік байланысты нығайтып, бірлескен кәсіпорындар ашу және өңірлік өндіріс тізбегін қалыптастыру маңызды. Орталық Азия – Еуразияның ірі экономикалық орталықтарын жалғап жатқан аймақ. Сондықтан көлік инфрақұрылымын жаңғыртып, жаңа тасымал бағыттарын игерудің маңызы артып отыр», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Қазір елде Орталық Азия елдерінің қатысуымен 28 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 2,5 мыңнан көбі – бірлескен компаниялар. Форумның күн тәртібінде қаржы көлемін арттырудан бөлек, инвестицияларды ұтымды пайдалану арқылы жаңа өндірістер ашу, логистиканы жандандыру, цифрлық инфрақұрылым салаларындағы әріптестікті кеңейту көзделіп отыр. Форумның екінші күні пленарлық отырыстар жасанды жады жобаларын қамтымақ.

«Кейінгі екі жылда Орталық Азия елдері жасанды интеллектіні дамыту бағытындағы ынтымақтастықты жандандырып келеді. Алайда мемлекеттердің бұл саладағы мүмкіндігі мен даму деңгейі әртүрлі. Мәселен, Қазақстанда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылса, Қырғызстанда осы бағыттағы арнайы кеңес жасақталған. Тәжікстан жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын әзірлеген. 

Айта кетейік, былтыр Тянь-Шань форумында Орталық Азия елдері жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі стратегияларын таныстырды. Биыл бұл бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселесі күн тәртібіне шығарылды», – деді Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтының бөлім басшысы Ильхом Абдуллаев.

«Форум мемлекеттік ұйымдар мен органдардың басшыларына халықаралық қаржы ұйымдарымен бірқатар келіссөздер өткізуге мүмкіндік береді. Оларлың ішінде Қазақстанның ірі инфрақұрылымдық жобаларын жеңілдетілген және ұзақ мерзімді қаржыландыруды іске асыру мүмкіндігін қарау жоспарлап отыр», – деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры Ержан Несібқұлов.

Былтыр алғашқы басқосу Қытайдың Үрімжі қаласында болса, биыл Орталық Азия елдерінің өкілдері Алматыда қайта табысты. 2005 жылдан бері Қазақстанға Орталық Азия елдерінен 30 миллиард доллардан астам инвестиция тартылған. Ал еліміздің өңірге салған қаржысы 4 миллиард доллардан асады. Ендігі міндет – осы қаржыны жаңа өндірістерге, заманауи технологияларға және жоғары сапалы өнім шығаруға бағыттау.

Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген

 

Толық көрсету