Қазақстанда ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге көтеріледі

28.10.2026 21:35

Мемлекет басшысы Халыққа Жолдауында Үкіметке тапсырма берді

Келесі жылдан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге көтеріледі. Мемлекет басшысы Халыққа Жолдауында Үкіметке тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Мемлекет басшысы жылдағы дәстүрден жаңылмай Қазақстан халқына Жолдауын жасады. Біраз бастамалар көтерді. Соның бірі – шағын және орта бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу. Президент уақытша тыйымды келесі жылы 1 қаңтардан бастауды ұсынды. Сөзінше, биыл алғашқы жартыжылдықта жеке кәсіпкерлер тарапынан анықталған заңбұзушылықтар 34 пайызға азайған. Алайда айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 11 процентке өсіп, жоспардан тыс тексерулер саны ондаған есе артқан. 

"Осы тұрғыдан алғанда, 2020–2023 жылдары микро және шағын бизнесті тексеруге енгізілген мораторийдің тәжірибесі пайдалы. Оның тиімділігі дәлелденді. Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесіп, алдыңғы мораторийдің барлық оң және теріс тұстарын ескере отырып, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап тағы да үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын талқылауды ұсынамын. Бұл қадамды бақылау-қадағалау жүйесін қайта жаңғыртуға және реттеудің цифрлық моделіне көшуге мүмкіндік беретін стратегиялық үзіліс ретінде қарастырған жөн", - деді Мемлекет басшсы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бизнеске заңсыз кедергі жасауды тоқтатуды талап етті. Мұны мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп атады. Президент қылмыстық қудалауға ұшыраған кәсіпкерлерден өтініштер әлі де түсіп жатқанын айтып, экономикалық құқықбұзушылықтарды қылмыссыздандыруды ұсынды. Сондай-ақ кәсіпкерлерге тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жағдай жасау керектігін жеткізді. Президент отандық өндірушілерге жасалатын кедергілерді сынға алды.

"Шынын айтқанда, бұл – жемқорлық. Сондықтан осындай қитұрқы әрекеттерді тоқтату керек. Мұндай ахуал еліміздің компаниялары мен тауарларының бәсекеге қабілетін едәуір әлсіретіп жіберетіні сөзсіз. Осындай іс-қимылдарға қатаң тосқауыл қоймасақ, экономикамызға зиян болатыны айдан анық. Басқаша айтсақ, бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту деген сөз. Ал бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау, бұл – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп айтсақ артық болмас. Сондықтан кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру, яғни нығайту қажет", - деді Президент. 

Салық кодексінің жекелеген нормалары қайта қаралуы мүмкін. Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа кодексті қолдану барысында кәсіпкерлер қиындықтарға тап болғандықтан, заңдағы қайшылықтарды жойып, бизнеске түсетін артық жүктемені азайту қажет. Сондай-ақ салық жүйесі кәсіпкерлік пен инвестицияға кедергі келтірмеуі тиіс екенін атап өтіп, өзгерістерді бизнес ұсыныстарын ескере отырып, мұқият пысықтауды тапсырды. Одан бөлек, Президент ірі байлық иелеріне жоғары салық енгізуді талқылауды ұсынды. Мұны Үкімет пен Құрылтай әзірлеуі тиіс.

"Салық салудағы әділдік мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Ірі байлық иелері үшін жоғары мөлшерлеме енгізу мәселесін талқылайтын уақыт келді деп санаймын. Ешкімнің заңды жолмен тапқан активтеріне қандай да бір шектеу қою көзделіп отырмағанын баса айтамын. Бұл Конституцияның өзіне қайшы болар еді. Сөз әр азаматтың еліміздің дамуына шамасына сай әрі адал үлес қосуы туралы болып отыр. Бұл – әділдік мәселесі", - деді Мемлекет басшысы.

Президент көтерген басмалардың бірі –  учаскелік дәрігерлердің жалақысын көтеру. Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап олардың айлығын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін көтеруді тапсырды. Бұл 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің табысын өсіруге мүмкіндік береді. 

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан 

Оқи отырыңыз: Тоқаев Балқаш АЭС құрылысын келер жылы бастауды ұсынды

Толық көрсету