Қазақстанда үш жаңа автомарка мен пилотсыз жүк көлігі шығарылады

21.07.2026 11:28

Бүгінде жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк және арнайы техника шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді

t.me/KZgovernment

Қазақстанда шығарылатын көліктер желісі кеңейтіліп, автозауыттарда жасанды интеллект технологиялары белсенді енгізіле бастайды, деп хабарлайды  Аlmaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл өндірістерде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, қауіпсіздікті жедел басқаруға арналған жасанды интеллектке негізделген ахуалдық орталық іске қосылды. Интеллектуалды платформа бейнекамералардан, датчиктерден және ақпараттық жүйелерден келіп түсетін деректерді талдап, тәуекелдерді, төтенше жағдайларды және ауытқуларды жедел анықтап, оларды уақтылы жоюға мүмкіндік береді», — деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта елімізде жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк және арнайы техника шығаратын 11 кәсіпорын жұмыс істейді.

Өткен жылы салада жалпы инвестиция көлемі 346 млрд теңгеден асатын жаңа өндірістік қуаттар іске қосылды. 

«Саланың өндірістік әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында 2028 жылға дейін жеңіл және коммерциялық автокөлік өндірісін кеңейту бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Қытайға сапары аясында автомобиль жасау саласында бірқатар маңызды келісімге қол жеткізілді»,  — деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Сондай-ақ Қазақстанда отандық қамтуды арттыруға баса назар аудара отырып, автобөлшектер өндірісін дамыту жандандырылуда.

Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, бүгінде бұл бағыт қарқынды дамып келеді.

Отандық кәсіпорындар шиналар, қозғалтқыш бөлшектері, аккумуляторлар, автобусқа арналған металл бөлшектер, орындықтар мен мультимедиялық жүйелер шығаруды игерді.

«Одан бөлек, бамперлер, электр сымдары, доңғалақ дискілері және лак-бояу материалдарын шығаратын жаңа жобалар іске асырылуда. Осы бағытты дамыту үшін машина жасау және көлік мәселелері бойынша заң қабылданып, онда «өнеркәсіптік кластер» ұғымы енгізілді. Қазіргі уақытта ең ірі өнеркәсіптік кластерлер Қостанай, Саран және Алматы қалаларында қалыптасқан», — деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Оқи отырыңыз: Үкіметте автокөлік өнеркәсібін дамыту мәселесі қаралды