Қазақстандықтар зейнетақы жинағын қалай пайдаланады

14.11.2024 20:55

Экономистің пікірінше, халық тұрғын үй жағдайын жақсарту секілді өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік алады

Қазақстандықтар зейнетақы қорынан тұрғын үй жағдайын жақсартуға 3 трлн теңгеден астам қаражат шығарған. Бұл туралы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

2020 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында шотында жеткіліктілік шегі бар ел тұрғындары зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалана алатынын айтқан. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңашылдық енгізілді. Алайда қаражатты тек тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге және жеке инвестициялық басқаруға алуға болады. Содан бері қазақстандықтар тұрғын үйге 3 трлннан астам, жеке компания басқаруына 59 млрд теңгеден астам, емделуге 538 млрд қаражат жұмсаған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының есептеуінше, биыл 1 қазандағы жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы активі 21,2 трлн теңге болды. Ал өңірлер бойынша қордан Алматы жұрты 856 млрд теңгеден астам шығарған. Одан кейінгі орында Астана – 630,5 млрд, үшінші орында Маңғыстау облысы тұр. Зейнетақы жинағының басым бөлігін Ұлттық банк инвестициялады. Ал активтердің аз ғана бөлігі жеке басқарушы компаниялар үлесінде.

Зейнетақы қорындағы ақша сейфте немесе қор шотында жатпайды. Тұрақтылықты сақтап, кіріс болуы үшін қаражат түрлі қаржылық тетіктер арқылы инвестицияға тартылады. Ұлттық банк  қаржы тәуекелін үнемі ескеріп отырады. Демек кіріс кепілдендірілген. Ал жеке инвестициялық портфельді басқарушылардың жағдайы мүлде бөлек. Олар көбірек кіріске қол жеткізу үшін тәуекелі мол активтерге инвестиция құяды. Тағы бір маңызды тұсы, Қазақстанда міндетті зейнетақы жарналары бірегей кепілдікпен қорғалады. Өйткені мұнда инфляция деңгейі ескеріледі. Адам зейнетке шыққан кезде, оның жеке зейнетақы шотындағы кірісі барлық кезеңдегі құнсыздану деңгейімен автоматты түрде есептеледі. Егер кіріс инфляция деңгейінен төмен болса, айырманы мемлекет республикалық бюджет есебінен өтейді.

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, жыл басында зейнетақы қорындағы жиналған активтерден түскен үлес инфляцияны есептемегенде 1 пайыздан төмен. Экономист «азаматтар жоғары пайызбен банкке несие төлесе, зейнетақы қорындағы жиналып жатқан активтер табысы төмен болады» дейді.

"Азаматтардың мемлекетке, билікке, жүйеге деген сенімі төмен екенін көрсетеді. Себебі азаматтар жылдағы инфляицияны көріп отыр. Сондықтан ұзақ мерзімде зейнеткер болған кезде «қалай күн көрем?» деп ойлағысы келмейді. Дәл қазір сол мәселені шешкісі келеді", – деді экономист Меруерт Махмұтова.

Экономистің пікірінше, халық тұрғын үй жағдайын жақсарту секілді өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік алады. Ал Қазақстанда азаматтардың зейнетақы жинақтары толық қорғалған және инфляциядан мемлекеттік кепілдікпен де, инвестициялық табыспен де сақтандырылған деп айтуға толықтай негіз бар.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда зейнетақының орташа мөлшері қанша болды