Қазақстанда шегіртке зиянкестеріне қарсы 1,5 млн гектар алқап өңделді

29.06.2026 12:38

Өңірлердегі жедел штабтар штаттық режимде жұмысын жалғастыруда

Depositphotos.com

Өңірлерде шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жалғасуда. 29 маусымдағы жағдай бойынша болжанған 2,1 млн гектардың 1,5 млн гектары немесе 70%-ы өңделді, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Егіс алқаптарын қорғау жұмыстары уақтылы әрі толық көлемде жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Қазіргі уақытта ҚР АШМ АӨК-дегі Мемлекеттік инспекция комитетінің басшылығы Атырау және Маңғыстау облыстарында іс шаралар барысын бақылау жұмыстарын қолға алуда.

Биыл 2,2 млн гектар алқапты өңдеу жоспарланған. Бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 30%-ға аз. Мұндай нәтижеге Үкіметтің қолдауымен жүргізілген кешенді жұмыстардың және өсімдіктерді қорғау жүйесінің едәуір жетілдірілуінің арқасында қол жеткізілді.

Атап айтқанда, қызметтерді сатып алудың бірыңғай жүйесі енгізіліп, соның нәтижесінде сатып алу үдерістері орталықтандырылып, бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі артты.

Сондай-ақ желдеткіш бүріккіштердің өнімділік нормасы қайта қаралып, 100 гектардан 70 гектарға дейін төмендетілді. Соның арқасында жұмылдырылған техника саны 556 бірлікке жетіп, 2025 жылмен салыстырғанда 25%-ға артты.

Бұдан бөлек, фитосанитариялық қызметтің техникалық паркі жаңартылып, 103 дрон сатып алынды. Оның 57-сі мониторингтік зерттеу жұмыстарына, ал 46-сы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге арналған.

Шегіртке зиянкестеріне қарсы күрестің тиімділігін арттыру мақсатында «FITOCENTRE» қосымшасы іске қосылды.

Сонымен қатар, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО)-мен бірлесіп цифрлық технологияларды, жасанды интеллект пен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалануға бағытталған серіктестік жоба жүзеге асырылуда.

Өңірлердегі жедел штабтар штаттық режимде жұмысын жалғастыруда.

Оқи отырыңыз: Алматыда 29 маусым мен 5 шілде аралығында ауа райы қандай болады