Олардың жалпы өндірістік қуаты жылына 510 мың тонна өнімді құрайды
Соңғы бес жылда Қазақстанда отандық құс шаруашылығының әлеуеті айтарлықтай нығайды. Құс етімен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 58%-дан 78%-ға дейін өсті, - деп хабарлайды Almaty.tv Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұндай нәтижеге мемлекеттік қолдау, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және жаңа өндіріс орындарын іске қосу арқылы қол жеткізілді. Саланы дамытудың келесі кезеңі өндіріс көлемін едәуір арттыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға және экспортты кеңейтуге мүмкіндік беретін ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырумен байланысты.
Қазіргі уақытта елімізде 70 құс фабрикасы жұмыс істейді. Оның 37-сі жылына жалпы қуаттылығы 4,5 млрд дана жұмыртқа өндіруге маманданған. Ал қалған 33 кәсіпорын құс етін шығарады. Олардың жалпы өндірістік қуаты жылына 510 мың тонна өнімді құрайды. Жұмыртқа өндірісі бойынша Қазақстан ішкі нарықтың сұранысын отандық өнім есебінен толық қамтамасыз етіп отыр.
Өндіріс көлемін одан әрі ұлғайту үшін жаңа инвестициялық жобалар портфелі қалыптастырылуда. Алдағы уақытта жылына 200 мың тоннадан астам құс етін өндіретін қосымша қуаттарды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар отандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қазақстандық өндірушілер сыртқы нарықтағы позицияларын нығайтып келеді. 2025 жылы 32 мың тонна құс еті экспортталса, 2026 жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш 14,2 мың тоннаны құрады. Өнім ЕАЭО елдеріне, Әзербайжанға, Моңғолияға және Катарға жеткізіледі.
Қытай нарығы да маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Құс етін Қытайға экспорттау туралы хаттамаға қол қойылды. Қазіргі уақытта отандық кәсіпорындарды Қытайдың экспорттаушылар тізіліміне енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Саланы дамытудың негізгі факторларының бірі – ұзақ мерзімді және жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізу. Құс фабрикалары үшін жылдық мөлшерлемесі 2,5%, мерзімі 10 жылға дейінгі инвестициялық кредиттер, сондай-ақ жылдық 5% мөлшерлемемен айналым қаражатын қаржыландыру бағдарламалары қарастырылған. Соңғы бағдарлама аясында 17 құс фабрикасына жалпы сомасы 27,2 млрд теңге қаржы бөлінді.
2026 жылы ет бағытындағы құс шаруашылығын дамытуға 28 млрд теңге субсидия қарастырылған. Оның шамамен 1 млрд теңгесі тәуліктік балапандар мен асыл тұқымды жұмыртқа сатып алу шығындарын арзандатуға бағытталды.
Өндірушілерге көлемі 201 мың тонна жемдік астықтың резервтік қоры арқылы да қосымша қолдау көрсетілуде. Астық белгіленген баға бойынша сатылып, кәсіпорындарды жем-шөп шикізатымен қамтамасыз етуге және өндірістік шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Тағы бір стратегиялық бағыт – отандық асыл тұқымды база қалыптастыру. Асыл тұқымды материал өндірісін ынталандыру мақсатында бірінші және екінші буын репродукторларын салуға арналған инвестициялық субсидиялау нормативтері өзектендірілді. Бұл елімізде толық өндірістік циклді дамытуға қосымша жағдай жасайды.
Осылайша, отандық құс шаруашылығы дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Ендігі міндет – өндірістік қуаттарды арттырумен қатар, өзіндік асыл тұқымды базасы бар, жем-шөппен тұрақты қамтамасыз етілген және экспорттық әлеуеті жоғары бәсекеге қабілетті саланы қалыптастыру. Басты мақсат – ішкі нарықтағы қазақстандық өнімнің үлесін одан әрі арттырып, құс етімен толық өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне біртіндеп жету.