Қазақстанда шикізаттық емес экспортты басқарудың жаңа жүйесі қалыптасуда

Depositphotos.com
Depositphotos.com
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан 2028 жылға қарай күнбағыс майын әлемдік деңгейде жеткізетін үздік үш елдің қатарына кіруді және май-тоңмай өнеркәсібі өнімдерінің экспортын 1 млрд АҚШ долларынан асыруды көздеп отыр. Осы мақсатта ел экспортты қолдаудың жекелеген шараларынан жүйелі салалық басқаруға көшіп, шикізаттан бастап өңдеу, логистика және мақсатты нарықтарға дейінгі толық экспорттық тізбектерді қалыптастыруда, - деп хабарлайды Аlmaty.tv Сауда министрлігіне сілтеме жасап.

Астанада биылғы алғашқы шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі Экспорттық штабтың отырысы өтті. Жиынға ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков төрағалық етті. Күн тәртібінде агроөнеркәсіптік өнім экспортын дамытудағы жаңа тәсілдер мен қазақстандық өндірушілердің сыртқы нарықтарда кездесетін жүйелі кедергілерін жою мәселелері қаралды.

2025 жылы Экспорттық штабтың жұмысы сапалық тұрғыда жаңа форматқа өтті. Бұған дейін талқылаулар жекелеген мәселелерге арналса, мамыр–желтоқсан айлары аралығында QazTrade алаңында бес салалық отырыс өткізілді. Әрқайсысы нақты тауар топтарына: АӨК өніміне, май-тоңмай саласына, астық өңдеуге, балға, сондай-ақ өнеркәсіптік және IT-өнімдерге арналды. Нәтижесінде штабтың жұмысы салалардың нақты экономикасына негізделген жүйелі шешімдер әзірлеуге бағытталды.

Осы жұмыстың негізгі нәтижесі – 2026–2028 жылдарға арналған май-тоңмай саласы өнімдерінің экспортын дамыту жөніндегі Жол картасының әзірленуі болды. Алғаш рет сала қосылған құн тізбегі толық қамтылып қаралды. Құжатты дайындау аясында елдің солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерінде майлы дақылдар өсірумен айналысатын, сондай-ақ Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Алматы облыстарында өңдеу жүргізетін 30-дан астам кәсіпорынға диагностика жасалды. Жұмысқа мемлекеттік және жеке сектордан 50-ден астам өкіл қатысып, үш бейінді министрліктің кооперациясы қамтамасыз етілді және Еуропалық одақтың қолдауымен Халықаралық сауда орталығының халықаралық әдіснамасы қолданылды.

Жол картасы өңдеу қуаттарын жүктеуді арттыру, экспорт географиясын кеңейту және 2028 жылға қарай Қазақстанды күнбағыс майын экспорттаушы әлемдегі үздік үш елдің қатарына қосу секілді өлшенетін мақсаттарды айқындады. Нәтижесінде сала сыртқы нарық сұранысына бағдарланған бірыңғай, келісілген іс-қимыл жоспарына ие болды.

Алынған тәжірибе АӨК-тің өзге бағыттарына салалық тәсілді кеңейтуге негіз болды. Отырыста мысал ретінде экспорты жоғары қарқынмен өсіп келе жатқан, маржиналдылығы, климаттық тәуекелдерге төзімділігі және экспорттық тартымдылығы бойынша дәстүрлі дәнді дақылдардан асып түсетін жасымық дақылы қаралды.

Сондай-ақ шикізаттық емес экспорттағы жүйелі кедергілерге ерекше назар аударылды. Олардың қатарында теміржолда жүктерді басымдықпен өткізу, фито- және ветеринариялық бақылау рәсімдері, қазақстандық компанияларды ҚХР тізілімдерінде тіркеу, экспорттық шығындарды өтеу және қаржылық қолдау құралдарына қолжетімділік мәселелері бар.

«Май-тоңмай өнімдерінің экспортын дамыту жөніндегі Жол картасы саланың стратегиялық дамуына негіз қалады. Сонымен бірге май зауыттарын ЕАЭО тауар өндірушілерінің тізіліміне енгізуді жеделдетіп, карантиндік рәсімдерді жеңілдету қажет. Бұл шығындарды азайтып, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді», – деді «Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы» ЗТБ өкілі Ядыкар Ибрагимов.

«Проблемалық мәселелердің тізілімі қалыптастырылды, ол шешілмеген кейстерді “қолмен басқару” режимінде Сауда және интеграция министрлігіне, қажет болған жағдайда Үкімет Аппараты деңгейіне шығаруға мүмкіндік береді. Штаб отырыстарын ай сайын, салалық қағидат бойынша тұрақты өткізу туралы шешім қабылданды», – деп атап өтті Айдар Әбілдабеков.

Атап өтілгендей, Экспорттық штаб құрылғаннан бері 20-ға жуық отырыс және 2025 жылы Экспортшылар форумы өткізілді. QazTrade экспорттық акселерация бағдарламаларын іске асыруды, сауда-экономикалық миссиялар, көрмелер мен бизнес-форумдар ұйымдастыруды, сондай-ақ экспорттаушыларға консультациялық және қаржылық қолдау көрсетуді жалғастыруда.

Отырыстың қорытындысында экспорттық қоғамдастық пен салалық қауымдастықтар өкілдері Экспорттық штаб жұмысының жаңа форматының тиімділігін атап өтті. Экспорттаушылардың пікірінше, бұл тәсіл нақты кейстер бойынша жедел шешімдер табуға мүмкіндік беріп, сыртқы нарықтарға шығу кезінде бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтеді.

Новости партнеров