Қазақстанда 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы бекітілді

26.08.2025 18:44

Премьер-министр Олжас Бектенов жауаптыларға шығындарды қатаң бақылауды тапсырды

Үкімет алдағы 3 жылда Ұлттық қордан нысаналы трансферт ақшасын алудан бас тартпақ. Бұл туралы министрлер кабинетіне 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын таныстырған Экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Министрлер кабинеті республикалық бюджеттің алдағы 3 жылдағы кірістері мен шығыстарын қарады. Экономикаға жауапты Серік Жұманғарин алдымен бюджетке түсетін қаржыны санап шықты. Одан кейін жергілікті бюджеттердің шығыстарына тоқталды. Мәселен 2026 жылы өңірлік бюджеттің шығыны 14,9 тириллион теңге болса, 2028 жылы  18,7 триллион теңге деп болжам жасапты. Сөзінше, 2028 жылы Павлодар облысы шығынын өзі жауып, республикалық бюджетке алақан жаймайды. Ал Маңғыстау облысы қайтадан донор өлкеге айналады.

 «Жергілікті бюджеттердің кірістері мен шығыстарының болжамын ескере отырып бюджеттік параметрлер айқындалды. Алып қою көлемі 2026 жылға – 879,9 миллиард теңгені, 2027 жылға – 1,1 триллион теңгені, 2028 жылға – 1,4 триллион теңгені құрады.  2026 жылға арналған субвенциялар көлемі – 5,1 трлн теңгені, 2027 жылға – 6,4 трлн теңгені, 2028 жылға – 6,8 трлн теңгені құрады», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Үкімет 2026 жылы бюджеттің шығысын биылға қарағанда 2 триллион теңгеге көбірек жоспарлаған. Мұндай деректі Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты. Сөзінше, келесі жылы мемлекет Ұлттық қордан ақша алмай-ақ өнеркәсіп пен шаруашылықты қолдау үшін қаржыны көбейтіп, әлеуметтік мәселелерге басымдық беруді жалғастыра бермек. 

«Бюджет әлеуметтік бағдарланған күйінде қалды. Әлеуметтік салаға арналған шығыстар деңгейі, бірқатар бағыттарда қайта қаралып, шығыстардың жалпы көлемінің 38,7 пайызды құрады. Оңтайландырылған шығыстар, нақты секторға қайта бағытталды. Экономиканың өсуін ынталандыратын шығыстар, 10,9 пайыздан 16,1 пайызға дейін ұлғайып, 4 триллион 470 миллиард теңгені құрады», – деді ҚР қаржы министрі Мәди Тәкиев.

Республикалық бюджет жобасын жасағанда жаңа бюджет және салық кодекстерінің талаптары ескерілген. Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-министр Олжас Бектенов жауаптыларға шығындарды қатаң бақылауды тапсырды. Отырыс соңында министрлер кабинеті әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын және алдағы үш жылға арналған бюджет жобасын мақұлдады. Заң жобасы 1 қыркүйекке дейін Парламентке жолданады.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Елімізде мәдени іс-шараларға сұраныс артып келеді