Зерттеуге іліккендердің 1,5 млн-ға жуығының кірісі 250 мың теңгеге жетпейді
Қазақстанда жалдамалы жұмысшылардың 70%-дан астамы орташа жалақы мөлшерінен аз табыс табады. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, зерттеу жүргізілген 3 млн-нан астам адамның 2,5 млн-ға жуығының еңбекақысы 400 мың теңгеге жетпейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Орташа жалақыдан төмен табыс табатын азаматтар саны соңғы бір жылда едәуір көбейген.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, былтыр Қазақстанда еңбекақысы орташа айлық атаулы жалақыдан аз жалдамалы жұмысшылардың үлесі 69,2% болса, биыл бұл көрсеткіш 71,1%. Осы жылдың 2 тоқсанында орташа айлық мөлшері 403 мың теңгеден асты.
Мамандар 3 млн 400 мыңнан аса адамның еңбекақысына талдау жасаған екен. Нәтижесінде 2 млн 400 мыңнан астам жұмысшы 400 мың теңгеден аз табыс табатыны белгілі болды. Оның ішінде 1,5 миллионға жуығының кірісі 250 мың теңгеге жетпейді екен.
Осы тұста өзге мемлекеттердегі орташа жалақыға тоқталайық. Әлемдегі ең жоғары орташа еңбекақы Швейцарияда 6 885 доллар, одан кейін Люксембург – 5 707 доллар және үшінші орында АҚШ – 4 435 доллар. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, Қазақстанда долларға шаққандағы орташа жалақы 581 доллар.
Қазақстандықтар тапқан табысын қайда жұмсайды?
Бірінші кезекте әр адам табысын әлеуметтік қажеттілікке, оның ішінде азық-түлікке жарататыны жасырын емес. Биыл бірінші тоқсанда әр қазақстандық тамақ пен алкогольсіз сусындарға орташа есеппен 131 мың теңге жұмсапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,7 %-ға көп.
Ал азық-түлік өнімдеріне ең көп ақша жаратқан өңірлер арасында Алматы көш бастап тұр. Осы жылдың бірінші тоқсанында адам басына шаққанда 181 мың теңге жұмсаған. Өткен жылмен салыстырғанда 7,7%-ға көп. Одан кейінгі орында ШҚО – 152 мың теңге, үшінші орында Маңғыстау облысы – 146 мың теңге. Сала сарапшыларының пікірінше, инфляция деңгейінің өсуі салдарынан алғашқы қажеттілік тауарларының қымбаттауы төмен табыс проблемасын одан сайын ушықтырады.
"Бұрын бір бөлке нанның бағасы 80 теңге еді. Бүгінде оның құны бірнеше есе өсті. Еңбекақының екі есе өскеніне қарамастан негізгі азық-түлік тауарларының бағасы да, коммуналдық төлем құны да қымбаттаған. Сондықтан еңбекақы көлемі өте маңызды көрсеткіш", - деді экономист Әкімжан Арупов.
Экономист нарықтық экономика жағдайында жалақы көлемі еңбек өнімділігіне, саланың және өңірдің ерекшелігіне және кей жағдайларда әлеуметтік саяси факторларға байланысты дейді. Оның айтуынша, экономиканың тұрақты дамуында ел тұрғындарының төлем қабілеттілігі өте маңызды дүние. Халықтың табысы төмен болған сайын экономика дамуында қиындықтар туындайды. Сол себепті де мемлекет мүмкіндігінше, ең төмен еңбекақы, зейнетақы көлемін көтеруге тырысып бағуда. Алайда бұл жерде барлығы мемлекетке байланысты емес. Өйткені экономика көлемі, қуаттылығы, мемлекеттік бюджет мүмкіндігі де өз алдына ықпал етуші фактор болмақ.
Еркебұлан Серікұлы, Аlmaty TV
Оқи отырыңыз: Алматыда кеңейтілген ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді