Тоғыз айда Қазақстанға 3,5 мың тоннаға жуық тауар сырттан әкелінген
Биыл елімізге жаңажылдық ойыншықтар 3 есе көп импортталды. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 9 айда Қазақстанға 3,5 мың тоннаға жуық тауар сырттан әкелініпті. Бұл - кейінгі бірнеше жылдағы мерекелік атрибуттардың ең көлемді импорты. Елімізге негізгі ойыншық жеткізушілер кімдер? Олардың сапасы қалай бақыланады? Отандық өнімге деген сұраныс бар ма? Бұл сұрақтарға AlmatyTV тілшісі Сая Меңдеке жауап береді.
Биыл 3 тоқсанда басқа мемлекеттен жеткізілген тауарлардың құны 5 млн АҚШ долларынан асқан. Жаңажылдық атрибуттардың басым көпшілігі Қытайдан әкелінген. Бұл елден жеткізілген тауарлардың жалпы үлесі – 91,7 пайыз. Ал Ресейден, керісінше, аз өнім жеткізіліпті – 6,4 процент. Польша, Украина және Беларустан да мерекелік ойыншықтар аз импортталған. Ал ең қымбат жаңажылдық тауарлар елге Германия, Сербия және Ұлыбританиядан әкелінеді екен.
Осы тұста отандық ойыншықтар қаншалықты өтімді, сырттан келетіндері қалай бақыланады, сапасы тексерістен өте ме деген сұрақтар туады.
Әлбетте, жаңажылдық тауарларға келгенде отандық өндіріс айтарлықтай дамыған деуге келмейді.
"Талдау" ақпараттық-талдау жүйесінің деректеріне сүйенсек, мұндай бұйымдар Қазақстан бойынша Қарағанды мен Екібастұз кәсіпорындарында ғана шығарылады. Ал импортталған тауарлардың сапасына келер болсақ, олар жеткізілгенде толық тексерістен өтеді. Яғни, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандары ойыншықтардың талапқа сай болуын, дұрыс таңбалануын және құрамында химиялық заттардың бар-жоғын қадағалайды. Өйткені мұның бәрі бала жүйкесіне кері әсер етіп, созылмалы ауруларға әкеп соқтыруы мүмкін екен.
"Ойыншықтардың сапасы мен қауіпсіздігі санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу арқылы жүзеге асады. Арнайы зертханада бұйымдар тексерістен өтеді. Талапқа сай келмесе, дереу шара қолданылып, өнімдер тәркіленеді. Ал келесіде жеткізушіден оның талапқа сай екенін растайтын құжаттарды талап етеміз. Ойыншық сатып аларда ата-аналар ең бірінші оның түр-түсіне, иісіне мән беруі керек. Күдік тудыратын болса, сатушыдан тауардың қауіпсіз екенін растайтын құжатты талап етуге болады", - деді Алматы қалалық СЭБД техникалық регламент талаптарын бақылау бөлімінің басшысы Абылайхан Үмбетәлиев.
Жаңажылдық шыршалар туралы айтатын болсақ, биыл қаңтар мен қыркүйек аралығында елге 12 мыңнан астам кесілген қылқанжапырақты ағаштар кіргізіліпті.
Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,8 есеге көп. Шыршаны Қазақстанға көбінде Ресей мен Қырғызстан жеткізеді екен. Биыл 9 айда бұл мемлекеттердің әрқайсы бізге 6 мың түп жасыл желек жіберіпті.
Ал кесілмеген мәңгі жасыл ағаштар елімізге 10 мемлекеттен әкелінеді. Жеткізілген тауар саны бойынша қазір көш басында Өзбекстан тұр. Бұл елдің үлесі – 33, 7 пайыз. Одан кейінгі орында Польша мен Бельгия тұр.
Оқи отырыңыз: Жетісу облысында жас қызды зорлап, азаптап өлтірген ер адамға сот үкімі шықты