Жәбірленуші тарап үкіммен келіспей, апелляцияға жүгінетінін айтты
Жетісу облысында 20 жастағы қызды зорлап, азаптап өлтірген ер адамға сот үкімі шықты. Бұған дейін жәбірленуші тарап пен мемлекеттік айыптаушы оны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Алайда судьяның шешімімен сотталушы 25 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тергеу дерегінше, ішімдік алу үшін дүкенге барған Марипов сол маңда бейтаныс бойжеткенді байқап қалып, оны соңынан аңдып, күшпен алып кеткен. Кейіннен қызды қараусыз ғимаратқа апарып зорлап, ауыр зардаптарға әкеп соққан сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасапты. Содан кейін қылмысын жасыру үшін қызды таспен ұрып өлтіріп, қашып кеткен екен.
"4 бап бойынша айыпталып отыр. Осы 4 бап бойынша сот үкімі шығарылды. Марипов бұрын сотталған. Бірнеше рет қылмыстың қайталануы бар. Сол себепті оған 25 жылға жаза тағайындалды. Оның алғашқы 5 жылын толық қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады", - деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бақыт Ермаханов.
38 жастағы сотталушы өз кінәсін толық мойындаған.
Еске сала кетейік, жантүршігерлік қылмыс осыдан бес ай бұрын болған. Із-түзсіз жоғалып кеткен Паулина Ткаченконы Балпық би ауылының тұрғындары күні-түні іздеп таппай қойған. Тек 2 күннен кейін қыздың мәйіті анықталған. Енді жәбірленуші тарап үкіммен келіспей, апелляцияға жүгінетінін айтып отыр.
"Біз істің мән-жайын анықтау кезінде марқұм қыздың азапталып көз жұмғанын анықтадық. Сондай зұлымдықпен адам өлтіргеннен кейін біз соттан қылмыскерді өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын сұраған едік. Мемлекеттік айыптаушы да екі бап бойынша өмірлік бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Бірақ сот шешеді. Алайда біз бұл үкіммен келіспейміз", - деді қорғаушы Тоғжан Ержұманова.
Оқи отырыңыз: Петропавлда мектептің төбесі опырылып, оқушылар зардап шекті