«Кеген» бақылау бекеті тәулік бойы жұмыс істейді

26.08.2025 20:05

Қазақ-қырғыз шекарасындағы жолаушылар ағыны жыл өткен сайын артып келеді

Қазақ-қырғыз шекарасындағы «Кеген» бақылау бекеті енді тәулік бойы жұмыс істейді. Өткізу пунктінің күшейтілген режимге ауысуына орай екі елдің шекаралық ведомстволары басшыларының қатысуымен салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақ-қырғыз қарым-қатынасы жаңа белеске шықты. Бұрын тек күндіз екі ел азаматтарына қызмет көрсететін қазақтың «Кеген», ал қырғыздың «Қарқара» шекара бекеттері енді тәулік бойы жұмыс істейді. Сондай-ақ бұдан былай бұл өткізу пунктері арқылы кез келген елдің азаматтары қатынай алады. 

«Келесі жылдан бастап осы пунктерде реконструкция жасаймыз. Шамамен 18 млрд теңге бөлінген, толық жөндеу жасаймыз. Техника жаңарады», – деді ҚР ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары Төлеужан Жүнісов.

Екі ел арасындағы жолаушылар ағыны жыл өткен сайын артып келеді. Былтыр шекарадан 55 миллионға жуық адам өтсе, биыл тек 8 айдың өзінде бұл көрсеткіш 40 миллионнан асқан. Жүк тасымалы да 15- 20 пайызға көбейіпті.

«Қашаннан бері қазақ пен қырғыздың ортасында бітімгершілік, ағайын-туыстық қарым-қатынас ешқашан үзілген емес. Екі ел басшыларының кешегі кездесуі, үлкен мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді талқылауы елдерді жақындастырады, бірлігін арттырады. Сондықтан осы шекара аумағы болашақта әлі кеңейетін болады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров.

Екі ел басшыларының шекара арқылы өткізу жүйесін заман талабына сай жаңғырту туралы келісімі осылайша араға ай салмай орындалып жатыр. Алда инфрақұрылымдық, техникалық жаңартулар болып, халықтың бекеттерден кедергісіз қатынауына барлық жағдай жасалмақ.

Асыл Махметов, Алмат Ілиясов