Төменгі палата депутаттарына Үкімет үш жылдың есебін баяндады
«Келесі жылы бюджет тапшылығы 2 жарым пайызға дейін төмендейді». Қаржы министрі Мәжіліс мінберінде осындай мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, 1 қаңтарда күшіне енетін жаңа Салық кодексі 2026 жылы қазынаның кірісін 3,6 триллион теңгеге көбейтеді екен. Шығын да аз емес. Биылмен салыстырғанда 2 триллион теңгеге көп, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Төменгі палата депутаттарына Үкімет үш жылдың есебін баяндады. Қаржы министрі Мәди Тәкиев 2026 жылы бюджетке 23,1 триллион теңге түседі дейді. Оның ішінде, трансферттерді есептемегенде, таза кіріс 19,2 триллион деп болжанып отыр. Ал қаржы шығыны – 27,8 триллион теңге. Үкімет биылға қарағанда келесі жылы ақшаны 2 триллонға көбірек жұмсамақ. Одан бөлек, құжатта үш жылда экономикалық өсім 5,3 пайыз болады деп көрсетілген. Экономиканың негізгі драйверлері – өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және ауыл шаруашылығы. Ал өсудің орнына керісінше төмендеп бара жатқан экономика халық қалаулыларын алаңдатып қойды.
«Қаралып отырған бюджет жобасында экономиканың өсу қарқыны 5 пайыз деп болжануда. Бұл биылғы 6 пайыздық өсу қарқынынан төмен. Мұны 2025 жылдың жоғары базасымен түсіндіруге болатын шығар. Дегенмен экономиканың өсімі қазірдің өзінде шегіне жетуге жақын. Немесе Үкімет тым мұқият сценариді қалыптастырып отыр деген ойлар туындайды», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев.
Премьер Олжас Бектенов депутат Бейсенғалиевке экономикалық өсімнің төмендеуі Үкімет ұстанып отырған консервативті болжамдармен байланысты екенін айтты.
«Жалпы әлемдегі ахуалды қарайтын болсақ, әлемдік экономиканың орташа өсімі 3 пайыз болып тұр. Ал біздің ірі көршілерімізді, бізге өте маңызды елдерді қарайтын болсақ, олардың да экономикасы баяулап жатыр. Сондықтан біз, әрине, Үкімет тарапынан тұрақты әрі қарқынды экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімізді салып жатырмыз», - деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.
2026 жылға арналған республикалық бюджетте өңірлерге берілетін қаражат 700 миллиардқа азайтылған. Осылайша, аймақтарға бөлінетін субвенция 5,1 триллион теңге деп бекітілген. Депутат Еркін Әбіл енді әр облысқа толығымен бір сумма ғана берілетінін, ал оны қандай жобаға, қалай жұмсайтынын жергілікті билік өзі шешеді дейді. Ал, жетпеген қаражатты жергілікті бюджеттен жабады деп отыр. Оның айтуынша, соңғы үш жылда облыстар табыс бойынша жоспарларын асыра орындап жатыр екен.
«Біз жыл сайын бюджет тапшылығы туралы айтып жүреміз. Алайда тапшылық тек республикалық бюджетте бар, ал өңірлік бюджеттерде керісінше профицит байқалады. Бұл жағдай болашақта да сақталады деп ойлаймын. Жаңа Салық кодексіне сәйкес қосымша салықтар аудандық деңгейге дейін беріліп жатыр. Сондықтан жергілікті бюджеттер әлі де толыға түседі», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Әбіл.
Төменгі палата бюджетті қызу талқылады. Әсіресе өңірлерге субвенция бөлудегі теңсіздік көп депутатты алаңдатты. Алайда Үкімет облыстардың берген өтініші негізінде қаржы қарастырылды деуден таңбады. Құжаттың олқы тұстарын тізіп шықса да, отырысқа қатысқан 95 депутаттың 94-і жақтап дауыс берді. Тек біреуі ғана қалыс қалды. Осылайша, үш жылдық республикалық бюджет қабылданды. Ал Мәжіліс «алғаш рет Ұлттық қорға қол жаймайтын бюджет қабылдадық» деп сөзін түйді.
Астанадан Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Мәжіліс 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті бекітті