Ресми мәліметке сүйенсек, азаматтардың банк ұйымдарына берешегі 37,8 триллион теңгеге жеткен
Қазақстандықтар соңғы уақытта несиені көп ала бастаған. Ұлттық банктің ресми мәліметінше, қазір отандастарымыздың қаржы мекемелеріне қарызы 38 триллион теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Азаматтар несиеге құмартып алған ба, әлде халық кедейленіп бара жатыр ма? Дөп басып айту, қиын. Бірақ отандастарымыз соңғы жылдары кредиттің шырғалаңынан шыға алмай қалған. Ресми мәліметке сүйенсек, азаматтардың банк ұйымдарына берешегі 37,8 триллион теңгеге жеткен. Ал бұл өткен жылмен салыстырғанда 21,3 пайызға көп. Елімізде халық саны 20 миллионнан асты десек, бұл – бір адамның басында бір емес, бірнеше несиенің рәсімделгеніне дәлел. Азаматтар кредитті базалық пайыздық мөлшерлеменің тым жоғары екеніне қарамастан алып жүр. Бұған Ранкинг.кз порталынан дәйек келтірсек. Биыл тамыз айына дейін жеке тұлғалардың кредиттері бойынша орташа мөлшерлеме шарықтап, 20 пайызға дейін жуықтаған. Ал бұл көрсеткіш 2 жыл бұрын 17 процент болған. Қаржыгерлердің сөзінше, осы жағдайды пайдаланған кейбір банк ұйымдары тұтынушылық несиені 50 пайыздық мөлшерлемемен беріп жатыр. Салдарынан халық қарыздың қақпанына түсуде. Қарапайым тілмен айтқанда, ақшаға мұқтаж жан 1 миллион теңге кредит алды делік. Оны 3 жыл бойы бөліп төлесе, жеңіл болады деп есептейді. Алайда қаржы мекемесіне қарызын еселеп, үстінен 1,5 миллион теңге қосып қайтаратынын аңғармай қалады.
"Бұл – шын мәнінде өте жоғары пайыз. Салдарынан азаматтарды қарыздың шырмауына байлап жатқан үрдіс деп танимын. Сондықтан базалық пайыздық мөлшерлемені инфляцияға байланысты бірте-бірте түсіреді ғой, бірақ заң бойынша рұқсат етілген 56 пайызды төмендету керек. Ол бойынша Президент тапсырма берді, соның аясында жаңа заң қабылдануы керек. Соның аясында сол шекті түсіруге болады. Қазіргі уақытта қаржыгерлер қауымдастығы оны 44 пайызға дейін түсіруге болады деп ұсынысын айтып отыр. Менің ойымша ол 30 пайызға дейін төмендетілуі керек", – деді экономист, сарапшы Мақсат Халық.
Сала мамандары ұсыныс айтуда, реттеу тетіктерін де көрсетіп отыр. Сондай-ақ азаматтардың қаржылай сауатты болып, талап қоя білуі де маңызды екенін алға тартты. Десе де соңғы екі жылда еліміз несие машақатын бастан кешіргені рас. Ұқсас жағдай 2015-2016 жылдардағы дағдарыс кезінде байқалды. Бірақ Ұлттық банк инфляция қарқынына қарай базалық мөлшерлемені қалыпты жағдайда ұстауға тырысып бағуда. Қазір бұл мән 14,25 пайыз деңгейінде сақталып тұр. Алайда қаржы реттеушісі оны төмендетуді жоспарлап отырған жоқ.
Жоғары базалық мөлшерлемені бекітетін – Ұлттық банк. Ал бұл мән инфляция траекториясына тәуелді. Қаржы реттеушісі 2022 жылы инфляцияға қарсы күресте бұл көрсеткішті айтарлықтай көтерді. Алайда былтыр инфляция жоғары қарқынмен төмендеді. Бұған қарамастан, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бұрынғы деңгейге қайтаруға асықпай отыр. Неге? Олардың өз уәжі бар.
Ең алдымен жаһандық инфляция, сосын геосаяси факторлар, қаражаттың қамы тағы бар. Егер базалық мөлшерлемені түсірсе, теңге әлсіреп кетеді. Қазақстан валютасының құлдырамауы үшін осылай жасауға мәжбүр екенін алға тартты. Ал бұдан опық жеп отырған қарапайым халық екені ащы шындық. Салдарынан қазақстандықтардың төлем қабілеті төмендеген, ипотека қымбат әрі қолжетімсіз, бизнес өкілдері жоғары пайызбен қарыз алуға бел буа бермейді. Бір сөзбен айтқанда тәуекел көп, инвестиция жоқ. Ал егер базалық мөлшерлеме төмендесе, халық үшін тиімді болары анық. Өйткені ақша арзандайды. Сәйкесінше несиенің пайызы да азайып, азаматтар баспана деп бас ауыртпайды. Бизнес өкілдері де қаржылай қолдауға ие болады. Еліміздің іскерлік, экономикалық әлеуеті артар еді. Алайда мән-жайды көріп, біліп отырған қаржы реттеушісінің базалық мөлшерлемені төмендетуге неліктен асықпайтыны әлі де ашық сұрақ күйінде қалып отыр.
Оқи отырыңыз: Көлік сақтандыру жүйесіне қандай өзгерістер енгізілмек