Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында жариялаған «Халықтық құрылыс» ауқымды бағдарламасы аясында Үкімет Инфрақұрылымды дамыту қорынан Жетісу облысының алты ауданында – Ақсу, Сарқан, Алакөл, Панфилов, Қаратал және Ескелді аудандарында газ құбырлары мен газ тарату желілерін салуға 37,4 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі UKIMET-ке сілтеме жасап.
Газбен қамту жобасы шамамен 100-ге жуық елді мекенді қамтиды. Жаңа желілердің жалпы ұзындығы шамамен 3,3 мың шақырым Бұл 183 мыңнан астам тұрғынды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қаржыландыру екі негізгі бағыт бойынша бөлінді:
84 ауылды «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырына қосуға 27 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Магистральдық газ құбырының құрылысы Президенттің тапсырмасына сәйкес 2025 жылы аяқталды. Қазіргі уақытта үш ауданның 133,9 мың тұрғынын газбен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 2,7 мың шақырым болатын газ тарату желілерін тарту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге келісімшарттар жасалуда:
Жұмыстарды 2026 жылдың соңында бастап, 2028 жылы толық аяқтау жоспарланған.
Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы шамамен 576 шақырым болатын 16 өтпелі нысанның құрылысын аяқтауға 10,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Нысандарды 2026 жылдың соңына дейін толық пайдалануға беру көзделген. Нәтижесінде 49,4 мың тұрғын газбен қамтамасыз етіледі:
Жаңа газ құбырларын салу – облысты газбен қамту бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың бір бөлігі. «Жетісу облысын 2030 жылға дейінгі перспективада кешенді газбен қамту» өңірлік схемасына сәйкес 356 елді мекеннің 210-ын газбен қамту көзделген.
Облыс құрылғанға дейін Талдықорған қаласын қоса алғанда, небәрі бес елді мекен табиғи газға қол жеткізген болса, бүгінде 115 ауыл мен қала газбен қамтылған. Бұл – 468,5 мың тұрғын (121,1 мың абонент) немесе өңір халқының 67,4%-ы. 2026 жылдың соңына дейін барлық 16 өтпелі нысанның құрылысы аяқталғаннан кейін газбен қамтылған елді мекендер саны 126-ға жетіп, табиғи газбен қамтылған тұрғындар саны 518 мыңнан асады, ал облыстың жалпы газбен қамту деңгейі 74%-ға жетеді.
Жалпы, Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, Қазақстандағы газбен қамту деңгейі – 64,2% (2025 жылы – 62,4%), 13,1 млн адам табиғи газға қол жеткізді. Биыл жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 64,5%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Ал перспективада Президенттің тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерін газбен жабдықтау жобаларын жүзеге асыру есебінен 2035 жылға қарай елдегі газбен қамту деңгейі 80%-ға жетуі тиіс.
Аталған инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру көмір тұтынуды азайтуға, қоршаған ортаға түсетін жүктемені төмендетуге, сондай-ақ ауылдық жерлерде шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жалпы, тұрғындардың табиғи газға қолжетімділігі артып, өңірдің газбен қамту деңгейі жоғарылайды.
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов Aitu ұлттық цифрлық экожүйесінің дамуын жеделдетуді тапсырды