Қазақстанда 1 шілдеге дейін 30-ға жуық жаңартылған вокзал ашылады

16.06.2026 12:18

Бүгінгі таңда 36 нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды

Almaty.tv

Алғашқы 30 жаңартылған теміржол вокзалы 1 шілдеге дейін пайдалануға беріледі, — деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі UKIMET-ке сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының вокзал инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Қазақстанда теміржол вокзалдарын жаңарту бағдарламасы өрістетілді. Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев республиканың барлық өңірлеріндегі жөндеу жұмыстарының барысы туралы мәлімдеді.

«Атқарылып жатқан барлық жұмыстардың басты міндеті — азаматтарды қауіпсіз әрі жайлы теміржол көлігімен қамтамасыз ету. Бүгінде елімізде тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды вокзалдарды жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл ірі жобаға Қазақстанның барлық өңірлеріндегі 124 вокзал енгізілді. Осы жұмыстармен қатар, жергілікті атқарушы органдар вокзал маңындағы алаңдарды абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алғашқы 30 вокзал ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін пайдалануға беріледі», — деп атап өтті Нұрлан Сауранбаев.

Бүгінгі таңда 36 нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды.

Сонымен қатар, министрдің мәліметінше, соңғы жылдары Қазақстанда 650-ден астам жолаушылар вагоны жаңартылды. Көлік министрлігі 2030 жылға қарай жолаушылар паркін жаңарту деңгейін 90%-ға жеткізуді жоспарлап отыр.