Нақты секторды дамытуға 2026 жылы 3,7 трлн теңге бағытталады
Қазақстан экономикасы енді өндіріс пен технология есебінен дамиды. Үкімет жоспарына сай, алдағы үш жылда басты екпін нақты секторға беріледі. Яғни, өсімнің негізі құрылыс, көлік, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы сияқты салаларға сүйенеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл – ел экономикасының жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көрсетеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Елдің экономикалық даму жоспарында құрылыс пен көлік саласы ілгерілеуге ең көп үлес қосатын бағыттардың бірі екені көрсетілген. Аталмыш секторларда өсім 10 пайызға артады. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне де көп көңіл бөлінеді. 2026 жылы өсім қарқыны 6,2 пайызға жетіп, 2028 жылы 6,6 процентке дейін ұлғаяды. Кәсіпорындар жаңғырады, экспорт артады.
«Біз шикізаттық бағыттағы экономикасы бар ел болғандықтан, шикізат жеткілікті. Алайда дайын өнімді көбінесе шетелден жоғары бағаға сатып аламыз. Неге өзімізде бар шикізатты өңдеп, әр салаға қажетті тауарларды өндірмеске? Неге отандық өніммен халқымызды толық қамтамасыз етіп, артылғанын экспортқа шығармасқа? Яғни, мұның барлығы осы болжамда қамтылған деп ойлаймын», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, зерттеуші Ләйлә Бимендиева.
Нақты секторды дамытуға 2026 жылы 3,7 трлн теңге бағытталады. Көрсеткіш биылғымен салыстырғанда 540 миллиард теңгеге артық. Ал өзгеріс нәтижесінде экспорт көлемін 83,7 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайту жоспарланған. Атап өтер жайт, бюджеттік саясат та жаңа бағытқа бейімделеді. Ұлттық қорға тәуелділік азаяды. Енді қаражат көлемі өз кірісі есебінен қалыптасады. Яғни, 2026 жылы көрсеткіш - 73,4, 2028 жылы 83,5 пайыз болмақ.
«Ұлттық қорға түсетін негізгі кіріс – мұнайдан түскен табыс. Себебі мұнайдан келген қаражаттың барлығы алдымен Ұлттық қорға жиналып, кейін трансферт арқылы бюджетке бағытталады. Қазір осы мұнайға деген тәуелділікті азайтуға күш салып жатырмыз. Ішкі салық саясаты тұрғысынан айтсақ, 2026 жылы жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Сол кезде қосымша құн салығы (ҚҚС) ұлғаяды деп жоспарланған. Нәтижесінде бюджет кірісі шамамен 4 трлн теңгеге көбейеді деп болжанып отыр. Бұл өз кезегінде мұнайға толық тәуелді болмай, өз ресурстарымыз есебінен әрекет етуге мүмкіндік береді», – деді қаржы сарапшысы Айбар Олжаев.
Ал ел экономикасының дамуына Алматы қаласының әсері мол. Шаһар саланың бестен бір бөлігін қамтамсыз етіп отыр. Яғни, Қазақстан экономикасының 20 пайызын алады. Алматы - инвесторлар үшін де тартымды. Қызығы сол, олар 9 айдың ішінде негізгі капиталға 1,5 триллион теңге құйған. Ұмытпаған жөн, еңселі егемендік пен тұғырлы тәуелсіздік жылдары қала экономикасы нақты көрсеткіш бойынша 6 есеге өсті.
«Айбарлы азаттық жылдары ел экономикасы шамамен үш есеге өскенін айтуға болады. Соңғы үш жылда да бұл қарқын сақталып, орташа өсім 5 пайыздан асты. Ал Алматыға келсек, қала жалпыұлттық экономиканың дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр. Қазіргі таңда шаһарда 189 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 33 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда», – деді Экономика және қаржы басқармасы басшысының орынбасары Арон Ибатулла.
Иә, мамандар өндіріс пен технологияға негізделген экономика – елде тұрақтылық қалыптастырады дейді. Демек, Қазақстан енді табиғи байлықтың ғана емес, зияткерлік әлеуетке, заманауи идея мен еңбектің қуатына сүйенетін жаңа даму кезеңіне қадам баспақ.
Рүстем Айткәрім, Думан Дәулетбақұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қазақстанның сыртқы саясатына әлем сенім білдіреді: 35 жылдағы дипломатиялық жетістіктер