Премьер-министр Қытайдың жетекші корпорацияларымен ынтымақтастық перспективаларын пысықтады

23.06.2026 16:40

Премьер-министр ұсынысты егжей-тегжейлі зерделеу және инвестормен өзара іс-қимылды үйлестіру үшін жұмыс тобын құруды тапсырды

Үкіметтің баспасөз қызметі

Олжас Бектенов Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен АӨК, өнеркәсіп, цифрландыру және автомобиль жасау саласындағы ынтымақтастықты талқылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
 Қытайдағы «Жазғы Давос» дүниежүзілік экономикалық форумының 17-ші жыл сайынғы кездесуі аясында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов өнеркәсіп пен цифрландыру саласында жетекші орындарға ие қытайлық ірі компаниялардың басшыларымен кездесулер өткізді. Олардың ішінде, Yulin Irrigation бас директоры Ци Юбо, Xiamen Wanli Stone директорлар кеңесінің төрағасы Ху Цзиньпэй, SuperX AI Technology Limited директорлар кеңесінің төрағасы әрі CEO Хуан Чэньхун, Jinyi Holding Group директорлар кеңесінің төрағасы Цзинь Пэн, Guangzhou Automobile Group директорлар кеңесінің төрағасы Фэн Синья, CATL компаниясының негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы Цэн Юйцюн, CISDI Engineering вице-президенті Юн Лю бар.

Қазақстан үшін басым салаларда – АӨК, өнеркәсіп, көмір химиясы, автомобиль жасау және дата-орталықтар құруда жаңа шетелдік жобаларды іске қосу перспективаларына назар аударылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттер шеңберінде шетел инвестицияларын тарту, өндірістерді локализациялау және технологиялар трансфертінің мүмкіндіктері қаралды.

Yulin Irrigation компаниясының бас директоры Ци Юбомен кездесуде Қазақстанда заманауи ирригациялық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды, оның ішінде Қызылорда облысында ирригациялық жабдықтарды құрастыру жобасы да бар. Су ресурстарын ұтымды пайдалану және ирригациялық инфрақұрылымды дамыту – Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Еліміз заманауи суару технологияларын енгізу арқылы аграрлық сектордың өнімділігін арттыруға мүдделі. Yulin Irrigation – қазіргі заманғы суару жүйелерін әзірлеуге, өндіруге, енгізуге және сервистік қолдауға маманданған ҚХР-дағы ирригациялық жабдықтарды жетекші өндірушілердің бірі.

Xiamen Wanli Stone директорлар кеңесінің төрағасы Ху Цзиньпэймен көмір химиясы, металлургия және минералды шикізатты терең өңдеудегі ынтымақтастық перспективалары қарастырылды. Жобада көмірді жартылай кокс, сутегі және жоғары сапалы мұнай өнімдеріне айналдыратын, сондай-ақ молибден, германий және рений сияқты сирек металдарды терең өңдейтін қосылған құны жоғары «көмір–электр энергиясы–химия–металлургия» интеграцияланған тізбегін құру көзделген.

SuperX AI Technology Limited директорлар кеңесінің төрағасы әрі CEO Хуан Чэньхунмен Қазақстанда заманауи деректер орталықтарын құру жоспары талқыланды.

Компания ЖИ-инфрақұрылымдарға және жоғары тығыздықтағы деректерді өңдеу орталықтарына арналған шешімдерді дамытумен айналысады әрі Қазақстанда 2026-2029 жылдары кезең-кезеңімен іске қосылатын, қуаты 1 ГВт-қа дейін жететін AI Data Center кластерін құруға мүдделі. ЖИ-кампус салу, энергиямен жабдықтауды және цифрлық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ деректерді өңдеу орталықтары үшін серверлік жабдықтар мен технологиялық шешімдерді жеткізіп беру көзделіп отыр.

Экономиканың барлық секторларына жасанды интеллектіні енгізу және цифрландыру Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Сондай-ақ Президенттің Жарлығымен еліміздің технологиялық дамуының жаңа басымдықтарын айқындайтын 2029 жылға дейінгі «Цифрлық Қазақстан» жалпыұлттық стратегиясы бекітілді. Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-министр ұсынысты егжей-тегжейлі зерделеу және инвестормен өзара іс-қимылды үйлестіру үшін жұмыс тобын құруды тапсырды.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар визасыз қайда бара алады