Президент байларға салықты көтеруді ұсынды
Президенттің айтуынша, Үкімет пен Құрылтай осы мәселені зерделеп, тиісті ұсыныстар енгізуге тиіс
Заңды жолмен тапқан активтерге қандай да бір шектеу қою көзделіп отырған жоқ. Бұл туралы Құрылтай отырысында «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
"Салық салудағы әділдік мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Ірі байлық иелері үшін жоғары мөлшерлеме енгізу мәселесін талқылайтын уақыт келді деп санаймын. Ешкімнің заңды жолмен тапқан активтеріне қандай да бір шектеу қою көзделіп отырмағанын баса айтамын. Бұл Конституцияның өзіне қайшы болар еді. Сөз әр азаматтың еліміздің дамуына шамасына сай әрі адал үлес қосуы туралы болып отыр. Бұл – әділдік мәселесі", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Үкімет пен Құрылтай осы мәселені зерделеп, тиісті ұсыныстар енгізуге тиіс.
"Салық салудағы әділдік ашықтықты талап етеді. Демек, салық жүйесін толық цифрландыру қажет. Салық жинау тиімділігін арттыру, көлеңкелі экономиканы қысқарту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін жасанды интеллектіні қоса алғанда, озық технологияларды пайдалану керек", – деді Мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Жаңа Салық кодексіндегі қайшылықтарды жою қажет — Президент