Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте айтты
Елорда заманауи урбанистиканың үлгісі болуы керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Үйлесімді қала кеңістігін қалыптастыруға айрықша мән беру қажет. Азаматтардың тұрмыс-тіршілігі мен жұмысына барынша қолайлы жағдай жасау барлық деңгейдегі әкімдердің басты міндеті болуға тиіс. Ал елорда заманауи урбанистиканың үлгісі болуы керек. Өйткені оның мәртебесі бөлек. Бұл орайда Астанада қазірдің өзінде біршама нәтижеге қол жеткіздік. Қалалық ортаны дамытудың бірыңғай тәсілі айқындалды. Мұны биыл жазда елімізде өткен саммиттер кезінде өзге де мемлекеттер басшылары байқаған.
Мысалы, Төраға Си Цзиньпин қаламыздың келбеті айтарлықтай жақсарғанын айтып, жоғары бағасын берді. Бұл – әлемдік ірі державалардың басшылары Қазақстанға келгенде біздің қалаларымыздың келбетіне мән беріп қарайды деген сөз. Мұны қаперде ұстау керек», - деді Мемлекет басшысы.
Президент Астананы абаттандыру ісіндегі оң өзгерістерге тоқталды.
«Жаңа келбет» бағдарламасы аясында бес жыл ішінде шаһардың тарихи бөлігіндегі 150 ғимараттың қасбетін жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар көшелер абаттандырылады. Жалпы, соңғы екі жылда Астанада көптеген қоғамдық кеңістік пайда болды. Жасыл желек мол егіліп, демалыс аймақтары көбейді. Бұл өте жақсы. Мұны елорда тұрғындары оң бағалап отыр. Енді осы аумақтарды тиісті деңгейде сақтауға тиіспіз. Бұл әуелгі кезекте елордада тұратын және шаһарға қонаққа келетін Қазақстан азаматтарына тікелей байланысты. Осы істі Ішкі істер министрлігі, полиция департаменті жіті бақылағаны жөн, — деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана тек орталық көшелері айнадай жарқырап тұратын қала болмауы тиіс екенін баса айтты.
"Шеткері аудандарға да көңіл бөлу керек. Қаланы безендіру жұмыстарына бюджеттен бөлек демеушілер қаражатын да тартуға болады. Жаңа жылда кәсіпкерлеріміздің басын қосуды жоспарлап отырмын. Оларға тағы да үндеу жасаймын. Қатаң шаралар қабылдаймын. Түптің түбінде, Отанды сүю — ортақ борыш. Сондықтан оң жағалаудағы сауда, өнеркәсіп орамдары мен тұрғын үй алаптарын жаңарту жұмыстарын жандандырған жөн. Көріктендіру мәселесі азаматтарды әрдайым толғандырады. Бұл — түсінікті, сондықтан олардың осылай айтуға қақысы бар. Дегенмен әкімдік те елорда тұрғындары мен қала қонақтарынан жоғары мәдениетті талап етуі керек", — деді Президент.
Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әкіміне Smart City жобасын тездетіп аяқтауды тапсырды