Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйледі
Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қорытынды бойынша елорданың өңірлік жалпы өнім көлемі 34 миллиард доллар болатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мемлекет басшысы Астана қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ елорданы дамытудың өзекті мәселелерін талқылайтынын атап өтті.
"Соңғы 11 айда қысқа мерзімге арналған экономикалық индикатор 118,6 пайызға жетті. Инвестиция, құрылыс, шағын және орта бизнес саласындағы көрсеткіштер бойынша Астана алдыңғы орында тұр. Елорданың көш басында болуы – заңдылық.
Биыл елордадағы тұрғын үй құрылысы 5 миллионға жуық шаршы метрді құрайды. Бұл елімізде пайдалануға берілген баспананың төрттен бірі және Орталық Азия аймағындағы басқа астаналардың көрсеткіштерінен бірнеше есе артық.
Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 2025 жылдың 11 айында 2,8 триллион теңгеге жетіп, 7,2 пайыз өсті. Яғни 6 миллиард доллар шамасында.
Биылғы 11 айда сауда көлемі 10,8 триллион теңгеден асып, 8,4 пайыз өсім көрсеткен Бұл –шамамен 22,5 миллиард доллар. Маған берілген мәлімет бойынша, қала бюджетіне 4,3 триллион теңге салық түскен. Мұны қомақты қаржы деуге болады.Астананың 2024 жылғы өңірлік жалпы өнім көлемі 15 триллион теңгеден сәл асты. Бұл – 32 миллиард доллар. Биылғы қорытынды бойынша 34, тіпті, 35 миллиард доллар (17 триллион теңге немесе одан да жоғары) болады деп күтілуде. Ал қаладағы халықтың ресми саны 1,6 миллион адамға жеткен»", - деді Мемлекет басшысы.