Мемлекет басшысы елордадағы қандай нысандарды аралады

Ғылым және жоғары білім министрі Президентке студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін баяндады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы бірнеше нысанды аралады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Президент алдымен 900-ден астам оқушыға арналған KIS Astana мектебіне барды. Халықаралық бакалавриат аккредитациясынан өткен білім ошағында заманауи технологиялармен жабдықталған оқу кабинеттері мен түрлі инфрақұрылым бар. Мемлекет басшысы спорт орталығының жұмысымен де танысты. Онда келушілерді даярлауға қажетті барлық жағдай жасалған. Мұнда ересектер мен балаларға арналған ұзындығы әртүрлі бес бассейн, сондай-ақ кәсіби жаттығу залы да бар. Президент жас спортшылармен әңгімелесіп, спорт инфрақұрылымдарын дамытуға ерекше мән берілетінін айтты. Одан бөлек,  Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне арналған 2 мың 656 орындық жаңа жатақхананы аралап көрді. Үш блоктан тұратын студенттер үйі коворкинг, кітапхана, спорттық және коммерциялық орындармен жабдықталған. Ғылым және жоғары білім министрі Президентке студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу арқылы академиялық хаб құру шаралары жөнінде баяндады.

"Министрлік құрылған кезде жатақханаларда 82 мың орын тапшы болған. Біз қосымша төрт механизмді іске қостық. 3-4 жылдың ішінде 62 мың орын пайдалануға берілді. Мұндай бастама мәселені толық шешуге болатынын көрсетті. Биыл Астанада жатақхана тапшылығын толығымен жоюды жоспарлап отырмыз. Одан кейін Алматыға бар күшімізді саламыз", – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Астанадағы электровоз құрастыру зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорынды Индустрияландыру картасы аясында Францияның компаниясы іске қосқан. Зауытта «Қазақстан темір жолы» тапсырысымен 380 жүк және 70 жолаушылар электровозы шығарылған. Қазір кәсіпорын нарыққа локомотив корпустары, трансформаторлар, төмен және жоғары вольтты шкафтар және басқа да өнім түрлерін ұсынады. Сондай-ақ Президент құрылыс индустриясы нысандарын аралады. Жүзден аса адам еңбек ететін кәсіпорынның қуаты тәулігіне 4 жарым мың шаршы метр тротуар жабындысын өндіруге жетеді. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 9 мың шаршы метрге дейін ұлғайтылады. Бүгінде аталған кәсіпорында шығарылған өнімдер Астана және еліміздің басқа да қалаларында пайдаланылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы автоклавты газ блоктарын шығаратын зауытқа ат басын бұрды. 100-ден аса адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын жылына 150 мың шаршы метр газ блоктарын өндіреді. Жас мамандармен жүздескен Президент "2025 –жұмысшы мамандықтар жылы" болып жарияланғанын еске салып, мемлекет өндіріс саласында жұмыс істейтін жастарға қолдау көрсете беретінін жеткізді.

"Расында жұмысшы мамандардың мәртебесін біз көтеруіміз керек. Келешекте еліміз үшін ең алдымен жұмысшылар керек", – деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы KIS Astana халықаралық мектебін аралады

Новости партнеров