Президент макроэкономикалық тұрақтылық мәселелеріне арналған жиын өткізді

08.10.2025 14:20

Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысын жақсартуда саннан сапаға көшудің маңызды екенін атап өтті

Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық даму сапасын арттыру және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға Премьер-министр, Президент Әкімшілігінің басшылығы, Ұлттық банктің төрағасы, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жетекшілері мен Үкімет мүшелері қатысты.

«Кеңес барысында макроэкономикалық орнықтылықты нығайту, азаматтардың әл-ауқатын көтеру және инфляция деңгейін төмендету шаралары қаралды», - делінген хабарламада.

Президент халықтың табысын жақсартуда саннан сапаға көшудің маңызды екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы орнықты дамыту үшін барлық жауапты мемлекеттік органдардың жүйелі жұмыс істеуі керек екенін айтты.

Оқи отырыңыз: Мәжіліс жаңа Құрылыс кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады