Тоқаев: Мемлекеттің табанды жұмысы арқылы елордаға газ құбыры тартылды

24.12.2025 17:42

Мемлекет басшысы елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ісінде энергетикалық инфрақұрылым аса өзекті мәселе екенін атап өтті

Depositphotos.com

Республика аумағындағы газбен қамту көрсеткіші 60 пайыздан асты. Бұл туралы Президент Астананы дамыту жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мемлекет басшысы елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ісінде энергетикалық инфрақұрылым аса өзекті мәселе екенін атап өтті.

"Жаңа қосалқы станцияларды салуды жеделдеткен дұрыс. Мұнда қандай да бір кедергілерге жол бермеу керек. Үкіметке қажетті қаржыны бөлуді тапсырамын. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйелері мен энергетикалық инфрақұрылымның үздіксіз жұмыс істеуі — кез келген қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудің басты шарты. Олай болмаса қалған шаруадан қайран жоқ. Мемлекеттің табанды жұмысы арқылы елордаға газ құбыры тартылды. Ал республика аумағындағы газбен қамту көрсеткіші 60 пайыздан асты. Экономиканың қажеттілігі артып келе жатқанын ескерсек, қазір өндірілетін 29 миллиард текше метр тауарлы газ ішкі сұранысты толық өтей алмайды. Сондықтан газ өңдеу бойынша жоспарланған барлық жобаны уақтылы іске қосу өте маңызды. Бұл жұмыс орнықты әрі кепілді ресурстық база қалыптастырумен қатар жүргізілуі керек", — деді Президент.

Оқи отырыңыз: Қоғамдық көліктердің санын көбейту қажет - Мемлекет басшысы