Алматы ЖЭО-2 жаңғырту барысы 94%-ға жетті

25.08.2026 11:47
пресс-служба акима Алматы

Үкімет отырысында «Самұрық-Энерго» басқарушы директоры Ғалымбек Ауталипов Алматыдағы ЖЭО-2-ні жаңғырту және ЖЭО-3-ті реконструкциялау жұмыстарының барысы туралы баяндады. Жобалар бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазіргі уақытта Алматының №2 ЖЭО-ны жаңғырту жобасы бойынша жалпы атқарылған жұмыс 94%-ды құрап отыр. Атап айтқанда, барлық жабдықтар мен технологиялық эстакадаларды монтаждау жұмыстары аяқталды. Жаңа станция іске қосылған соң желіге шамамен 557 МВт электр қуатын және 957 Гкал жылу қуатын беруге мүмкіндік болады.

Алматы №3 ЖЭО-ны реконструкциялау жобасы бойынша жұмыстарды жеделдету үшін тиісті қосымша шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта объектідегі жұмыскер саны 840-қа дейін көбейді, ал техника саны 85 бірліктен асты. Сонымен қатар құрылысқа «ИнтерТаско» компаниясы тартылды, бұл компания Қызылорда қаласында газбен жұмыс істейтін стансаны салған болатын.

«Негізгі және қосалқы жабдықтарды жеткізу жұмыстары іс жүзінде 95%-ға аяқталды, ал алдағы 45 күн ішінде оларды 100%-ға аяқтау жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Бу-газ қондырғысы бойынша бірінші блок қазандығын, турбинасы мен генераторын монтаждау жұмыстарына баса назар аударылуда. Осылайша, аталған жобалар бекітілген кестелерге сәйкес жүзеге асырылуда. Сонымен қатар алдағы жылыту маусымында газ стансалары жабдықтарында штаттан тыс жағдайлар орын алып, газбен қамтамасыз етуде үзіліс болған жағдайда, көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-лар толық режимдегі жұмысқа дайын болады», — деді Ғалымбек Ауталипов.

Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов бюджет қаражатын тиімді жұмсауды және қаржылық тәртіпті күшейтуді тапсырды

Толық көрсету