Президент Жолдауын жүзеге асыру: ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу үлесі екі есеге жуық артты

Depositphotos.com
Depositphotos.com
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында берген тапсырмаларын жүзеге асыру аясында елімізде шикізат экспортынан қосылған құны жоғары өнім өндіруге көшу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі UKIMET-ке сілтеме жасап.

Қайта өңдеу қуаттары кеңейтіліп, заманауи технологиялар енгізілуде және өндірістің кейінгі өңдеу сатылары дамытылуда.

Ауыл шаруашылығы шикізатының негізгі түрлерін қайта өңдеу үлесі 35%-дан 64%-ға дейін өсті

2023–2025 жылдары ет, сүт, майлы дақылдар, жүгері, күріш және қарақұмық бойынша қайта өңдеу үлесі 35%-дан 64%-ға дейін артты. 2026 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 70%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
2024–2026 жылдары қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын қаржыландыруға шамамен 230 млрд теңге бағытталды.

Астықты терең өңдеуге шамамен $4 млрд инвестиция тарту жоспарлануда

Жалпы құны шамамен $4 млрд болатын алты ірі жобадан портфель жасақталды, олар 2029 жылға дейін жылына шамамен 5,8 млн тонна шикізатты қайта өңдей алатын өндіріс қуатын құруға тиіс. Олардың ішінде крахмал, глютен, шәрбат, биоэтанол, амин қышқылдары, жем компоненттері және басқа да терең өңделген өнімдер бар.

Биоэтанол өндірісі 2,2 есе өсті

2025 жылы биоэтанол өндірісі 21 мың тоннаға жетіп, 2,2 есеге артты. Крахмал өнімдерін өндіру шамамен 152 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 28,2%-ға артық. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 67,5 мың тонна крахмал өнімдері өндірілді, олардың жартысынан көбі экспортталды.

Елімізде 210-ға жуық ет өңдеу және 180 сүт өңдеу кәсіпорындары жұмыс істейді

Май өндіру саласында қуаттылығы жылына 4,5 млн тоннадан асатын 90-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, ал күнбағыстың 90%-дан астамы елімізде қайта өңделеді. Ет консервілері, жартылай фабрикаттар, қышқыл сүт өнімдері және басқа да дайын өнімдер өндірісі кеңейтіліп келеді.

2030 жылға қарай аграрлық экспорттағы өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізу жоспарлануда

Негізгі бағдарлардың қатарында ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортындағы өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін арттыру және жылына шамамен 5,8 млн тонна шикізатты өңдейтін астықты терең өңдеу бағытындағы алты ірі жобаны жүзеге асыру бар.

Терең өңдеуді дамыту отандық шикізат базасын тиімдірек пайдалануға, қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайтуға және ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.