Саудадан өндіріске дейін: Алматыда шағын және орта бизнес қалай дамып келеді

22.07.2026 21:48

Алматы кәсіпкерлік пен инвестиция тарту бойынша елде көшбасшы. Бүгінде мегаполисте 362 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Ал қала экономикасына биыл жарты жылда бір триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Кәсіпкерлерді қолдау үшін жеңілдетілген несие беру бағдарламалары іске асырылып, жаңа өндіріс орындары ашылуда, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Қала экономикасы қырқынды өсіп келеді. Бүгінде Алматыда 362 мың 345 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Бұл – шілде айындағы көрсеткіш. Былтыр олар өндірген өнім көлемі 306 триллион теңгеден асып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,1 пайыз өсті. Бұл жай ғана статистика емес. Кәсіпкерлік қаланың басты экономикалық күшіне айналғанын көрсетеді. Бір қызығы, кәсіпкерлік субъектілерінің басым бөлігі көтерме және бөлшек сауда саласында жұмыс істейді. Бұл салаға кіру жеңіл әрі капитал айналымы жылдам. Биыл алғашқы 6 айда сауда көлемі 12 триллион 316 миллиард теңгеден асып, өсім 5,3 пайызға жеткен.

Бизнестің тұрақты дамуына қала тарапынан көрсетілетін қолдау да аз емес. Биыл кәсіпкерлерді субсидиялау мен жеңілдетілген несиелеуге жергілікті бюджеттен 26 миллиард теңге бөлінген. Ал алғашқы үш айда жалпы сомасы 46 миллиард теңге болатын 304 жоба қаржыландырылған. Шаһарда кәсіпкерлік тек саудамен шектелмей, өндіріс саласын қолдау да күшейтілуде. Бұрын кәсіпкерлер өндірістік цехтарды бірнеше жыл бойы өз күшімен салып келсе, бүгінде қала әкімдігі дайын өндірістік алаңдарды ұсынып отыр. Яғни кәсіпкер қағазбастылық пен құрылысқа кететін шығындарға бас қатырмай, бірден өндірісін бастай алады. Қазір қалада жалпы құны 53 миллиард теңгеден асатын 70 шағын өнеркәсіптік парк жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл болашақта 430 мың шаршы метрден астам өндірістік алаңның пайдалануға берілуіне және 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді.

Бұған қоса, шағын өнеркәсіптік парктердің форматы да өзгеріп келеді. Бүгінде олар жай ғана өндірістік цех емес. Мұнда кеңселер, көрме алаңдары мен сервистік аймақтар қарастырылған. Яғни машина жасау, тамақ өнеркәсібі, жиһаз өндірісі, химия және құрылыс салаларындағы кәсіпорындар үшін толыққанды өндірістік кластер қалыптасуда.

«Almaty Finance арқылы 7 пайыздық жеңілдетілген несие алып келеміз. Бұл – біз ашып отырған үшінші өндірістік базамыз. Жобаға жалпы 475 миллион теңгедей қаржы салынды. Оның 270 миллион теңгесін Almaty Finance арқылы несиеге алдық. Қазір мұнда үш өндіріс орны жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, А4 форматындағы қағаз өндіріледі, сондай-ақ картон мен стикерлер шығарылады», – деді кәсіпкер Аслан Мұқышбай.

 Бүгінде кәсіпкерлер үшін бизнесті дамытуға және қаржыландыруға бағытталған бірнеше мемлекеттік қолдау бар. Мәселен Jana Business бағдарламасы аясында жаңадан бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге жылдық 12,6 пайызбен 500 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі. Ал «Өрлеу-2026» бағдарламасы бойынша шағын және орта бизнес өкілдері дәл осындай шарттармен 7 миллиард теңгеге дейін қаржыландыруға қол жеткізе алады.

Ал өңірлік жобаларды қолдау үшін «Іскер Аймақ» бағдарламасы іске қосылған. Ол бойынша кәсіпкер жылдық 12,6 пайыз мөлшерлемемен 200 миллион теңгеге дейін несие алып, үш жылға дейін субсидиялау мүмкіндігін пайдалана алады.

Сонымен қатар кәсіпкерлердің «Даму» қорының кепілдік құралдарын қолдануына жағдай жасалған. Бұл механизм екінші деңгейлі банктерден несие рәсімдеу кезінде кепілзат жетіспеген жағдайда қажет болады. Осылайша қаржыландыруға қолжетімділік артып, жаңа бизнес жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік кеңейеді. Соның бірі – қаладағы тәтті өнімдер шығаратын кәсіпорын.

 «Даму» қорымен 6 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Қордың қолдауымен алған алғашқы несиемізді өндірістік үдерістерді оңтайландыруға жұмсадық. Соның нәтижесінде өндірістік қуатымыз 2 есе артты. Қазір автоматтандырылған желіде жылына 5 миллион дана дайын өнім шығарамыз. «Даму» қорына алғаш жүгінген кезде бизнес үшін несие алу үлкен жауапкершілік болып көрінді. Алайда ондағы мамандар барлық сұрақтарымызға жауап беріп, қарыз қаражатын тиімді пайдаланудың маңызын түсіндірді», – деді кәсіпкер Екатерина Дубинина.

Жалпы, қалаға тартылып жатқан инвестиция көлемі де артып келеді. Биыл алғашқы жартыжылдықта Алматының негізгі капиталына 1 триллион теңгеден астам қаржы салынды. Оның 870 млрд теңгесі ішкі, ал, 151,5 млрд теңгесі сыртқы инвестиция. Тартылған ақшаның негізгі бөлігі жылжымайтын мүлікке, көлік және логистика саласына, сондай-ақ байланыс пен интернет инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Бүгінде қала билігі әсіресе жергілікті кәсіпкерлерге басымдық беріп отыр.

Биыл Алматыда жалпы құны 543 миллиард теңгеге жуықтайтын 35 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Сонымен қатар әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің арнайы тізілімі қалыптастырылуда. Бұл бастама бизнестің тек пайда табумен ғана шектелмей, қаладағы әлеуметтік мәселелерді шешуге де араласуына ықпал етпек. Мұндай кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қосымша қолдау қарастырылған. Атап айтқанда, көлемі 5 миллион теңгеге дейінгі гранттар, жеңілдікпен берілетін ғимараттар және жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары ұсынылады.

Бұл – Алматы экономикасындағы оң өзгерістердің бір бөлігі ғана. Былтырдың қорытындысы бойынша мегаполистің жалпы өңірлік өнімі шамамен 6 пайызға өссе, жан басына шаққандағы көлемі 27,5 мың долларға жетті. Бұл – еліміздегі өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Бүгінде Алматы экономиканы әртараптандыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және инвестиция тартуға басымдық беріп келеді. Ал шағын және орта бизнес осы өсімнің басты факторына айналып, оның тұрақты әрі ұзақмерзімді болуына ықпал етуде. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, шағын және орта бизнестің дамуы бюджет кірісінің артуымен ғана өлшенбейді. Бұл – жаңа жұмыс орындары, сапалы сервис және нарықтағы бәсекенің артуы.

Оқи отырыңыз: Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін ұзарту арқылы биыл көлік қозғалысын ашу жоспарланып отыр