Қасым-Жомарт Тоқаев биыл еліміздің әлемдегі экономикасы ең ірі 50 мемлекеттің қатарына енгенін айтты
Астанада барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық ахуалдың күрделеніп жатқанын және соған қарамастан Қазақстанның экономикасы тұрақты дамып келе жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі әлемде саяси және экономикалық тұрақсыздық күшейіп отыр. Әскери қақтығыстар мен сауда текетірестері жиілеп, мемлекеттер арасындағы сенім деңгейі төмендеген.
- Бұл әлемдегі ірі мемлекеттер арасындағы өзара сенім дағдарысының, олардың халықаралық қауымдастық алдындағы жауапкершілікті елеп-ескермеуінің нәтижесі деп айтуға негіз бар. Мұның бәрі еліміздің мүмкіндіктерін шектеп отыр. Бірақ соған қарамастан, біз ұлттық стратегиямызды табанды түрде әрі біртіндеп жүзеге асырып жатырмыз. Барлық сын-қатер мен қиындықты еңсеріп, тұрақты дамып келеміз. Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 306 миллиард доллар болды. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасындағы екінші орын, ал осы аймақтағы елдер арасындағы ең үлкен көрсеткіш, - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, осы нәтижелердің арқасында Қазақстан биыл әлемдегі экономикасы ең ірі 50 мемлекеттің қатарына енген. Ал халықаралық қаржы институттарының болжамы бойынша, 2026 жылы бұл көрсеткіш 320 миллиард долларға жетуі мүмкін.
- Шетелден тартылған таза инвестиция көлемі бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр, яғни 150 миллиард доллардан астам қаражат тартылды. Бұл – Орталық Азиядағы тікелей шетел инвестициясының 69 пайызы деген сөз. Еліміздің алтын-валюта қоры – 74 миллиард долларға, ал жалпы жинақталған қор 139 миллиард долларға жетті. Бір сөзбен, ұлттық экономикамыз жалпы тұрақты түрде өсіп келеді. Ең маңыздысы, мұны сапалы өсім деуге болады", - деді Президент.
Сонымен қатар Президент ел экономикасында ұзақ жылдар бойы қалыптасқан құрылымдық мәселелер де болғанын атап өтті. Оның ішінде өндіріс пен ауыл шаруашылығының баяу дамуы, сондай-ақ инфрақұрылымның тозуы бар.
- Ондаған жылдар бойы экономикамызда тапшылық, біржақтылық көп болғанын білесіздер. Бұл еліміздің одан әрі дамуына үлкен кедергі болды, әлі күнге дейін осындай келеңсіз үрдіс бар. Өндіріс және ауыл шаруашылығы саласы баяу дамыды. Коммуналдық-шаруашылық, энергетика, су, жол инфрақұрылымының әбден тозығы жетті. Қазір ахуал Үкіметтің нақты мақсаттарға сай жұмысының арқасында біртіндеп өзгеріп жатыр, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, қазір Қазақстан жаңа индустриялық, энергетикалық және инфрақұрылымдық негіз қалыптастыруға кіріскен.
- Мысалы, өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны екі жыл қатарынан 6 пайыздан асып отыр. Бұл үдеріс аймақтардың мықты экономикалық негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Былтырдың өзінде еліміздің әр түкпірінде жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 190 өндіріс орны іске қосылды. 22 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал биыл Үкіметтің болжамы бойынша құны 1,7 триллион теңге болатын 200 кәсіпорын қызметін бастайды. Онда 20 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Осылайша, Қазақстанның бұрынғы индустриялық қуаты жандана түседі. Өнеркәсіптің мүлде жаңа салалары пайда болады, - деді Мемлекет басшысы.
Президент машина жасау мен электр техникасы жабдықтарын өндіру саласы сияқты жаңа бағыттардың да қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Оқи отырыңыз: Астанада Президенттің қатысуымен мәслихат депутаттарының форумы өтіп жатыр