ШОБ: Алматыда 440 жоба іске қосылды

12.06.2025 18:44

Биыл шағын және орта бизнес саласын дамыту үшін бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінген

Биыл Алматыдағы шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау үшін бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінген. Соның нәтижесінде жыл басынан бері 440 жоба іске қосылды. Оның 103-і жеңілдетілген несиені «Jana Business» бағдарламасы арқылы рәсімдеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы – Қазақстан экономикасының негізгі қозғаушы күші. Әрі кәсіпкерлік сала дамыған, іскерлік орта қалыптасқан елдегі ең ірі мегаполис. Атап өтерлігі, шаһарда шағын және орта бизнесті өркендетуге көп көңіл бөлінген. Соның арқасында жыл сайын қала қазынасы да айтарлықтай молайып келеді. Мәселен, былтыр жергілікті бюджетке түскен қаражат мөлшері 24 пайызға артыпты.

«Соңғы жылдары Алматының экономикасы өсуде. Алматының экономикасы өңірлік ішкі өнім деп саналады. Алматы қаласында ешқандай табиғи, пайдалы қазбалар жоқ, тек шағын және орта кәсіпкерлік сервистің арқасында салық жинайды. Оның барлығын қаладан трансферт алып, республикалық бюджетке донор болып жібереміз, қалғанын қаланың дамуына жұмсаймыз», – деді экономист Айбар Олжай.

Экономистің сөзінше, Алматыға келетін шетелдік инвесторлар шаһардың тұтынушылық әлеуетін жоғары бағалайды. Сол себепті олар халық пайдаланатын өнімдерді шығаруға әуес екен. Сала сарапшысы енді креативті индустрия бағытын дамытсақ, сандар өсіп, көрсеткіш ұлғаятынына сенімді. Ал іс бастауға ниеттілерге «Даму» кәсіпкерлік қолдау қоры көмектесе алады. Соңғы 10 жылда орталық арқылы кәсібін дөңгелеткендер 16 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Ал олардан түскен салық көлемі 1,2 миллиардқа жетіпті.

«Қордың мақсаты – шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлікті белсендендіру және жаңа жұмыс орындарын ашу. Соңғы 10 жылға тоқталсақ, «Даму» қоры арқылы Алматы қаласы бойынша 2,2 трлн теңге құрайтын 20 мыңға жуық жобаға қолдау көрсетілген. Тоқталып өтсек, белсенді 85 пайызы шағын және орта бизнес болып есептеледі», – деді  «Даму» қорының бас менеджері Ыбырай Меңдібаев.

Ал соңғы 3 жылда Алматыда қор арқылы 4668 жоба қолдау алған. Істі ілгерілету үшін 449,3 миллиард теңге бөлінген. Көрсеткіштегі ең жоғары үлес өнеркәсіп пен көлік-логистика саласына тиесілі. Одан бөлек, кәсіпкерлер арасында компьютерлерді жөндейтін орталықтар мен шаштараз және сән салондарын ашқандардың саны басым.

Биыл шағын және орта бизнес саласын дамыту үшін бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде, шаһарда 440 жоба жұмысын бастап қойған. 2030 жылға қарай бұл саланың қала экономикасына қосар үлесін 75 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Рүстем Айткәрім, Ялкунжан Әшімжанов   

Оқи отырыңыз: Алматыда 60 шақырым су және кәріз желілері жаңартылады