Шу-Сарысу мыс бассейніндегі барлау жұмыстары: Президент инвестормен кездесті

28.05.2025 19:00

Ivanhoe Mines компаниясы инвестиция көлемін 115 млн долларға дейін ұлғайтуға ниетті 

Ақорда

Мемлекет басшысы Ivanhoe Mines Ltd. компаниясы директорлар кеңесінің атқарушы тең төрағасы Роберт Фридландты қабылдады, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне  сілтеме жасап.

Кездесуде геологиялық барлау, кен игеру және металл өңдеу салаларындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды.

Президентке Қазақстандағы Шу-Сарысу мыс бассейнінде ауқымды геологиялық барлау жұмыстарының басталғаны жөнінде мәлімет берілді.

"Ivanhoe Mines компаниясы бұған дейін аталған учаскедегі қазба байлықтарын зерттеуге 18,7 миллион доллар бөлгенін және инвестиция көлемін 4 жылда 115 миллион долларға дейін ұлғайтуға ниетті екенін хабарлаған еді", - делінген хабарламада.

Роберт Фридланд бұл жобаны жүзеге асыру барысында озық аэрогеофизикалық технологиялар мен мәліметтердің цифрлық талдауын пайдалану жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстанның мыс игеру тарихындағы ең ауқымды жобаны іске асыру әлемдегі осы руданы өңдеу ісінде жаңа перспективаға жол ашады.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Македония президентімен кездесті