Халық табысын арттыруға арналған жаңа жоспар алты бағыт бойынша 59 іс-шараны қамтылмақ
2022-2025 жылдары елімізде бюджет саласы қызметкерлері мен экономиканың жекелеген секторларында еңбекке ақы төлеуді арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылды. Нәтижесінде, жалақының өсуі 1,2 млн-нан астам азаматты қамтыды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин мәлімдеді.
Атап айтқанда, әлеуметтік саладағы 38 мың қызметкердің жалақысы орта есеппен 30%-ға, 600 мың педагогтің еңбекақысы – 25%-ға, 6 мың медицина қызметкерінің жалақысы 20%-ға, азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарына жататын 600 мыңға жуық адамның еңбекақысы орта есеппен 20%-ға артты.
Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» тобының өндірістік персоналына еңбекақы төлеудегі алшақтық қысқартылды.
Сонымен бірге халық табысын арттыруға арналған жаңа жоспар алты бағыт бойынша 59 іс-шараны қамтылмақ.
Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасарының айтуынша, 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар алты негізгі бағыт бойынша 59 іс-шараны жүзеге асыруды көздейді.
Оның айтуынша, олардың арасында жалақыны көтеру, инфляцияны төмендету, нақты табыстың өсуі, адами капиталды дамыту және жұмыспен қамтуды арттыру, сапалы жұмыс орындарын ашу, салықтық және әлеуметтік шаралар, сондай-ақ борыштық жүктемені азайту және халықтың қаржылық белсенділігін жақсарту бар.
«Құжаттың негізгі мақсаты – азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жеке секторды тартуды жандандыру, сондай-ақ әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мен экономикалық өсудің инклюзивті моделін қалыптастыру», - деді Азамат Әмрин.
Қазақстанда еңбекақыны көтеру саясаты жалғасады
Жаңа Кешенді жоспардың негізгі бағыттарының бірі жұмыскерлердің еңбекақысын одан әрі арттыру болмақ.
Азамат Әмриннің айтуынша, бүгінде еңбекақы төлеу қорының қосылған құндағы үлесі шамамен 30,6%-ды құрайды, ал орташа және медианды жалақы арасындағы алшақтық – 39,2%.
Бұл мәселелерді шешу үшін ең төменгі жалақыны арттыру, жалдамалы жұмыскерлер табысының, азаматтық қызметшілердің жалақысының өсуіру, табиғи монополиялар субъектілерінің өндірістік персоналының орташа жалақысын ұлғайту және мемлекеттік қызметшілердің жалақысын үш жыл сайын индекстеу көзделген.
Сондай-ақ әлеуметтік әріптестіктің жүйелі шаралары қарастырылған.
Оқи отырыңыз: ШОБ субъектілерінің саны төрт жылда 2,2 млн-ға дейін өсті