Сыртқы сауда балансы оң болып қала береді
2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының базалық нұсқасында Қазақстанның ЖІӨ-нің орташа жылдық өсуі 5%-дан жоғары болады деп болжануда. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Номиналды ЖІӨ 2027 жылы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың өсуі мұнай емес секторлардағы өндірістің ұлғаюымен байланысты. Өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны тау-кен өнеркәсібінен озып кететін болады. Өңдеудің өсуіне негізінен металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру салалары үлес қосады»,— деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьер жыл сайынғы көрсеткіші кемінде 5% болатын ауыл шаруашылығы саласы да өсу драйверіне айналатынын атап өтті. Құрылыс секторында көлік-логистика, энергетика, су, тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту есебінен 2027 жылы 16%-дан 2029 жылы 17,3%-ға дейін өсім қарқыны артады деп күтілуде.
Қызмет көрсету саласында сауданың орташа жылдық өсімі 5,7%-ға, көлік пен қоймаға жинау 10,4%-ға, ақпарат пен байланыс 9,2%-ға өседі деп болжануда.
Сыртқы сауда балансы оң болып қала береді: тауарлар экспорты 2027 жылы $82,8 млрд-тан 2029 жылы $88,5 млрд-қа дейін өседі, импорт $80,5 млрд-тан $88,4 млрд-қа дейін артады.
Инфляция дәлізі 2027 жылы 7,5-9,5% деңгейінде болады деп айқындалды, кейіннен 2028-2029 жылдары 6-8%-ға дейін төмендейді.
Оқи отырыңыз: Қазақстан білім экономикасы үшін адами капиталдың жаңа моделін қалыптастырып жатыр