Тоқаев ірі қалалар мен облыс орталықтарына жақын жерлерде экосаябақтар құруды тапсырды

24.12.2025 17:28

Бұл тапсырманың орындалуын Президент Әкімшілігі қадағалайды

Almaty.tv

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке аймақ әкімдерімен бірге ірі қалалар мен облыс орталықтарына жақын жерлерде экосаябақтар құру туралы тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл тапсырманың орындалуын Президент Әкімшілігі қадағалайды.

"Мен бұған сенімдімін. Бұл стратегиялық сипаттағы міндет. Оның орындалуын Президент Әкімшілігі қадағалауда ұстайды. Дегенмен бізге тез шешім қабылдап, әрі сапалы жұмыс атқару қажет. Әрбір мәселеге пікір таластырудың қажеті жоқ. Елорда тұрғындарының көбі демалыста немесе мереке күндері әдетте Бурабайға барады. Жол қашық. Оның үстіне табиғи парктің экожүйесіне айтарлықтай салмақ түседі. Сондықтан Астана маңайында экосаябақтар ашатын уақыт жетті. Үкіметке аймақ әкімдерімен бірге ірі қалалар мен облыс орталықтарына жақын жерлерде экосаябақтар құруды тапсырамын. Тағы да қайталап айтамын, ол жерлерде де тазалық болуға тиіс. Бурабайда не болып жатқанын қараңыздар. Ұят жағдай. Ұлттық қорықты бүлдіріп жатқан бөгде ғаламшарлықтар емес, өзіміздің халқымыз ғой", — деді Президент.

Осыған дейін Мемлекет басшысы елорда заманауи урбанистиканың үлгісі болуы керек екенін айтты.

Сонымен қатар ол Астана әкіміне Smart City жобасын тездетіп аяқтауды тапсырды.