Үкімет жергілікті бюджеттердің тәуелсіздігін күшейтетін жаңа трансферт жоспарын ұсынды

20.11.2025 13:41

Сенатқа 2026-2028 жылдарға арналған трансферттер көлемі туралы заң жобасы ұсынылды

t.me/ukimet_points

Парламент Сенатының отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «2026 – 2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» ҚР Заңының жобасын таныстырып, жергілікті бюджеттердің толық теңгерімділігін атап өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жергілікті бюджеттер теңгерімділігі қамтамасыз етілді. Барлық базалық шығыстар ескерілді. Даму бюджеті республикалық бюджеттің мүмкіндігін ескере отырып қалыптастырылды», — деп атап өтті вице-премьер.

Сондай-ақ Серік Жұманғарин жалпы сипаттағы трансферттердің параметрлерін қарау барысында өңірлердің алдағы үш жылға арналған кірістерінің болжамды көлемін айтты.

«Жергілікті бюджет кірістері 2026 жылы 10,7 трлн теңге, 2027 жылы – 12,1 трлн теңге, 2028 жылы – 13,3 трлн теңге болады деп болжануда. Шығыстар 2026 жылы 14,9 трлн теңгені құраса, 2028 жылға қарай 18,7 трлн теңгеге дейін өседі», - деді Серік Жұманғарин.

Ол сонымен қатар жергілікті бюджеттердің республикалық трансферттерге тәуелділігі айтарлықтай төмендегенін хабарлады.

«Біздің бағалауымыз бойынша, жергілікті бюджеттердің республикалық бюджет қаражатына тәуелділігі орта есеппен 50,7%-дан 33%-ға дейін төмендейді», — деді Премьер-министрдің орынбасары

Ол сондай-ақ донор және реципиент аймақтардың мәртебесіндегі өзгерістерді атап өтті. 2028 жылы Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз етеді, ал Маңғыстау облысы қайтадан донор мәртебесін алады. 2026 жылға арналған субвенциялар 5,2 трлн теңге, бюджет қаражатын алып қою 879,9 млрд теңге көлемінде жоспарланған.

Оқи отырыңыз: Қазақстанның қарызы төмен болуы тиіс: Олжас Бектенов Үкіметтің жұмыс бағыты туралы