Биыл 11 айдың ішінде мемлекеттік бюджетке 19 триллион теңге түскен
Биыл 11 айдың ішінде мемлекеттік бюджетке 19 триллион теңге түскен. Жоспар 90 пайызға орындалған. Үкімет мүшелері қаржы түсімін, қазына шығынын есептеп, жылды қорытындылады деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің қабылдауында болды. Үкімет басшысы әріптестеріне Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы одан ары дамыту туралы тапсырма бергенін жеткізіп, Экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың баяндамасын тыңдады. Ведомство басшысының сөзінше, 11 айда саладағы өсім 4,4 пайызды құрапты. Биыл 2 миллион тонна мұнай кем өндірілгеніне қарамастан, ақшаның көп бөлігі шикізаттық емес сектордан түсіп жатыр.
"Мұнай емес сектордың өсуі шамамен 5,1 пайызды құрады. Өсу серпінінің жақсаруы ауыл шаруашылығында, өңдеу өнеркәсібінде, құрылыста, саудада және көлікте байқалады. Салалар арасында ең жоғары өсуді ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы көрсетіп отыр. Сауда - 8,2, көлік қызметтері - 8,1, өңдеу өнеркәсібі 5,3 пайызға өсті", – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Нұрлан Байбазаров экономикамыз өсті деп жатқанда, Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бюджеттің жетіспеушілігі туралы айтты. Республикалық қазынаға 11,8 триллион теңге түскен. Бұл – жоспар 85 пайызға орындалды деген сөз. Ержан Біржанов жоспардың орындалмауын салықтардың аз түсуімен байланыстырып отыр. Бұған тағы бірнеше себеп бар.
"Жоспар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 айда үшінші елдерден импорт көлемінің 6,4 пайызға немесе 2,3 млрд АҚШ долларына азаюы және негізгі экспорттық металлдар бағасының арзандауынан орындалмай отыр. Өз кезегінде 602 ірі салық төлеуші бойынша аванстық төлемдер сомасы 27 пайызға немесе 267 млрд. теңгеге азайды", – деді ҚР Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов.
Биыл 11 айдың ішінде республикалық бюджеттен 20,8 триллион теңге жаратылған. Ақшаның көп бөлігі әлеуметтік бағытқа жұмсалған. Яғни, зейнетақы мен жәрдемақыға 5,2 триллион теңге, міндетті медициналық сақтандыру қорына 1,6 триллион, ал өңірлерге субвенцияларға 4,8 триллион теңге кеткен.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, Астана