Тамыз айында жылдық инфляция 9,8%-ға дейін төмендеген
Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 16,25%-ға дейін төмендетті. Мөлшерлеме дәлізі ±1 пайыздық тармақ деңгейінде белгіленді. Бұған инфляцияның баяулауы мен инфляциялық күтулердің төмендеуі әсер еткен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ұлттық банк мәліметінше, тамыз айында жылдық инфляция 9,8%-ға дейін төмендеген. Баға өсімінің баяулауы азық-түлік, азық-түлікке жатпайтын тауарлар және қызмет көрсету салаларында байқалды.
Атап айтқанда, азық-түлік инфляциясы 9,5%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 11,4%-ға, ал қызмет көрсету саласындағы инфляция 8,9%-ға дейін баяулаған.
Халықтың алдағы бір жылға инфляциялық күтулері де төмендеді. Шілдеде бұл көрсеткіш 12,1% болды. Ал нарықтағы кәсіби қатысушылар 2026 жылдың соңына инфляцияны 10% деңгейінде күтеді.
Ұлттық банк 2026 жылға арналған инфляция болжамын 9-11% деңгейінде сақтап отыр. Ал 2027 жылға арналған болжам 6,5-8,5%-ға дейін көтерілді. 2028 жылы инфляцияның 5% нысанасына жақындауы күтіледі.
Базалық мөлшерлемені төмендетуге қазіргі инфляциялық жағдай мүмкіндік бергенімен, Ұлттық банк одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі екенін атап өтті. Бұған ішкі сұраныстың өсуі, инфляциялық күтулер, жанар-жағармай мен коммуналдық қызмет тарифтерінің өзгеруі және сыртқы инфляциялық тәуекелдер әсер етуі мүмкін.
Ұлттық банк 2026 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 4,5-5,5% болады деп болжап отыр. 2027 жылы ЖІӨ өсімі шамамен 4,5%, ал 2028 жылы 4-5% деңгейінде күтіледі.
Базалық мөлшерлемеге қатысты келесі жоспарлы шешім 2026 жылғы 23 қазанда сағат 12:00-де жарияланады.
Оқи отырыңыз: Алматыда Энрике Иглесиастың концертінен кейін тегін шаттлдар ұйымдастырылады