Ұлттық банк жасөспірімдер мен зейнеткерлерді сақ болуға шақырды

30.07.2025 13:34

Ақшалай сыйақы алу үшін өзінің банк картасын үшінші тұлғаларға беру дерегі жиілеп кеткен

Аlmaty.tv

Қазақстан Ұлттық банкі «дропперлердің» төлем карточкалары арқылы жасалатын алаяқтық схемалар көбейгені туралы хабарлайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Банктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, кейінгі кезде жастар мен зейнеткерлерді алдап соғу жиілеп кетті.

«Олардың кейбірі саналы түрде, ал кейбірі білместіктен түрлі алаяқтық схемаларға араласып кетеді.  Нақтырақ айтқанда, ақшалай сыйақы алу үшін өздерінің банк карталарын үшінші тұлғаларға беріп, ұрланған қаражатты басқа шотқа аудару мен қолма-қол ақшаға айналдыру үшін банк шоттарын ашып, «дропперлерге» айналуда», - деп атап өтті Ұлттық банк өкілдері.

Теріс пиғылды адамдар жастарды немесе зейнеткерлерді іздеп, оларды заңсыз қаржы операцияларына тарту үшін әлеуметтік желілер, мессенджер мен басқа да цифрлық платформаларды белсенді түрде пайдаланады. Алаяқтар оңай және жылдам табыс түсетініне уәде беріп, банк картасын ашуды және оның алдыңғы жағындағы 16 таңбалы нөмірді, жарамдылық мерзімін, үш таңбалы CVV/CVC кодын, сондай-ақ қосымшаға кіру деректерін, яғни картаның барлық реквизитін беруді сұрайды. 

Қаскөйлер деректерді қолға түсіргеннен кейін өздерінің заңсыз қаржы операцияларын жүргізеді, соның ішінде алаяқтық жолмен иемденген ақшаны шығарып алады.

«Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес дропперлік схемаларға араласқандар енді қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз. Қазақстан Ұлттық банкі азаматтарға банк карталарын және олардың реквизиттерін, соның ішінде мобильді банкинг қосымшасына кіруге арналған деректерді ешкімге бермеуге, сақ болуға және оңай табыс табуға уәде бергендерге сенбеуге, күмән туындаған кезде банк өкілдерімен кеңесуге, ал банк картасы жоғалған жағдайда оны дереу бұғаттап, бұл туралы банкке хабарлауға кеңес береді», - делінген хабарламада.

Егер сізге банк картасын сатып алу немесе үшінші тұлғаларға беруге қатысты күмәнді ұсыныстар түссе, дереу Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінуді ұсынамыз.

Қосымша ақпарат алу үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы Ұлттық банктің Байланыс орталығына хабарласуға болады.

Оқи отырыңыз: Қайтарылған активтер: Түркістан облысында ауылдарды ауыз сумен қамту жұмысы жүріп жатыр