Үш жылда бюджет тапшылығын екі есеге жуық төмендетеміз — Олжас Бектенов

27.06.2025 21:00

Бүгін Мәжіліс пен Сенат депутаттары Үкіметтің 2024 жылғы республикалық бюджетінің атқарылуы туралы есебін тыңдады

Үкімет үш жылда бюджет тапшылығын екі есеге төмендетпек. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айтуынша, қазір 3 жылға арналған республикалық бюджет жобасы дайындалып жатыр. Қазіргі тапшылық 2,7 пайыз болса, құжатқа сай 2028 жылы 1,4 пайызға дейін төмендейді. Бұл әзірге Бектеновтің жоспары ғана. 

Бүгін Мәжіліс пен Сенат депутаттары Үкіметтің 2024 жылғы республикалық бюджетінің атқарылуы туралы есебін тыңдады. Жауапты отырысқа Премьер-министр Олжас Бектенов бастаған министрлер кабинеті толық құрамда қатысты. Бұған дейін мәжілісмендер Үкімет мүшелерінен республикалық бюджеттің есебін тәптіштеп сұраған еді. Өйткені, оның кіріс бөлігін жоспарлау мен орындауда кемшіліктер болған көрінеді. Депутаттар бүгін де сол ұстанымнан айнымады. Ұласбек Сәдібеков былтырғы кіріс жоспарының үш рет қайта қаралып, нәтижесінде 2 триллон теңгеге қысқартылғанын жеткізді.

«Алайда нақтыланған көрсеткіштердің өзі орындалмады. Жоспардан ауытқу 609 миллиард теңгені құрады. Бұл жағдайдан болжам жасау әдістемесіндегі шешілмеген мәселелерді, салықтық әкімшілендірудің тиімділігінің төмендігін, сондай-ақ кіріс саясатының экономикалық өзгерістерге бейімділігіне қатысты проблемалар бар екенін көреміз. Салдарынан республикалық бюджеттің қарыз қаражат пен Ұлттық қор активтеріне тәуелділігі арта түскен. 2024 жылдың соңында мемлекеттік қарыз көлемі 31,8 трлн теңгені құрады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков.

Былтыр агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 575 миллиард теңге бөлінсе, оның тек 86 пайызы ғана игерілген. Ал кейінгі бес жылда ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген 2,2 триллион теңгенің 142 миллиарды мақсатсыз жұмсалған. Бұндай деректі мәжілісмен Серік Егізбаев айтты. Сонымен қатар, депутат ауыл шаруашылығы саласында жалақының аз екенін жеткізді.  Ол мемлекеттік қолдау тек техника мен субсидияға емес, ауыл тұрғындарына да бағытталуы қажет деп отыр.

«Жұмыссыздық пен инфрақұрылымның жетіспеуінің салдарынан 2024 жылы 6 мыңнан астам адам ауылдардан көшіп кеткен. Жоғары аудиторлық палата бұл үрдісті нақты атап өткен. Микрокредит, жеңілдетілген несие бұл тек құрал. Егер ауылда тұрақты жұмыс, қолжетімді баспана, мектеп, медициналық пункт және мәдениет үйі болмаса, бұл бағдарламалар ұзақмерзімді нәтиже бере алмайды», – деді  ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Серік Егізбаев.

Ал, депутат Ерлан Саиров болса бюджеттің атқарылуы стратегиялық міндеттерді шешуге емес, бюджеттің жыртығын жабуға бағытталуда деп Олжас Бектеновке шүйлікті. Үкіметтің қолында парламент жасақтап берген жаңа бюджеттік кодекс, салық кодексі, ұлттық даму жоспарлары бола тұра, ұлттық перспектива көрінбейді деп ашынды. Премьер-министр де мұндай проблеманың барын жасырмады. Және мұны жылдар бойы қордаланған мәселе деді.

«Үкімет қазіргі таңда оның бәрін шешу үшін белсенді жұмыс атқарып жатыр. Үкіметтің бастамасымен елімізде салық реформасы жүріп жатыр. Осы жуырда ғана жаңа Салық кодексі қабылданды. бүігнгі мүмкіндікті падаланып отырып, депутаттық корпусқа алғыс білдіремін. конструктивті ортақ жұмыс үшін. Жаңа Салық кодексінің арқасында біз келесі жылдан бастап республикалық бюджетке қосымша шамамен 3 триллон теңгеден астам қосымша түсімдер түседі деп есептейміз. Бұл ақшаның бәрі тек даму мақсаттарына бағытталатвн болады», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Олжас Бектенов келесі жылы бюджетке түсетін 3 триллион теңге инфрақұрылымдық нысандарды іске қосуға, электр қуаты, автомобиль және теміржолды дамытуға, инженерлік желілерді жаңғыртуға жұмсалады деп отыр. Қос палатаның депутаттарына алғыс айтқан Бектенов Үкімет жұмысында жетістіктер де, қателіктер де болатынын жасырмады. Ал, кей сенаторлар мен мәжілісмендердің қарсылығы мен қалыс қалғанына қарамастан, Парламент Үкіметтің 2024 жылғы бюджет есебін бекітті.

Оқи отырыңыз: Дәрігерлер аптап ыстықта жүрек ауруларынан сақ болуға кеңес береді