Мемлекет басшысы дәл қазір жеке мектептердің өрісін кеңейту міндеті тұрғанын атап өтті
Мемлекет басшысы дәл қазір жеке мектептердің өрісін кеңейту міндеті тұрғанын айтты. Өйткені тексеріс барысында қызметін теріс мақсатта пайдалану, тіпті, алаяқтық жағдайлары анықталып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Президент өз сөзінде әлеуметтік нысандар халыққа қолжетімді болуы тиіс екенін айтты.
"Сөз басында айтып өттім, қала халқының саны өте жылдам өсіп жатыр. Әлеуметтік инфрақұрылымға, әсіресе, денсаулық сақтау және білім беру жүйесіне зор ауыртпалық түседі. Мәселе тым күрделенбей тұрғанда, жүйелі жұмыс істеу керек. Астана әкімі бірқатар медицина нысанының жұмысымен таныстырды. Екі емхана және балаларға арналған травматология орталығы салынатынын айтты. Қаланың медицина инфрақұрылымын дамыту — өте маңызды міндет. Осыған орай, әкімдікке Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін орталықтар адам тығыз қоныстанған аудандарда көбірек ашылуы тиіс. Бұл талап білім беру нысандарын салған кезде де қатаң сақталуы керек", — деді Президент.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада үш ауысыммен оқытатын мектеп қалмағанын айтты.
"Мектеп тапшылығы — еліміздегі аса өзекті мәселенің бірі. Мектеп салу қарқыны бала санының өсу қарқынына ілесе алмай келеді. Алдағы үш жылда мектептегі орын тапшылығы 400 мыңға дейін жетуі мүмкін. Соның ішінде елордада 28 мың оқушыға орын жетіспейді деген болжам бар. Алматы, Шымкент қалалары және Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстарында осындай жағдай қалыптасуы мүмкін. Әрине, бұл бағытта біраз шаруа атқарылды. Соңғы 5 жылда бір миллионнан астам оқушыға арналған мыңға жуық мектеп пайдалануға берілді. Астанада 75 мектеп салынды. Қазір қалада үш ауысыммен оқытатын мектеп қалған жоқ. Бұл ретте «Келешек мектептерін» ерекше атап өткен жөн. Архитектуралық және техникалық тұрғыдан қарағанда, бұл — заманауи әрі жоғары деңгейде жабдықталған мектептер. Аталған бағытта әжептәуір тәжірибе жинадық. Сондықтан ауқымды жобадан гөрі қауіпсіз, сапалы құрылыс жұмыстарына кірісуіміз керек. Дегенмен оның бағасы қымбат болмауы тиіс. Бұл еліміздегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуда қалыпты жұмысқа айналуы керек", — деді ол.
Президент мектеп құрылысы бойынша мемлекет-жеке меншік серіктестігін жетілдіруді тапсырды.
"Әсіресе, жеке мектептерді дамытуға айрықша назар аударған жөн. Бұл салаға инвестиция тарту ісінде жүйелі шаралар қабылдаған дұрыс. Атап айтқанда, мемлекет-жеке меншік серіктестік құралын жетілдіру маңызды. Дәл қазір жеке мектептердің өрісін кеңейту міндеті тұр. Өйткені тексеріс барысында қызметін теріс мақсатта пайдалану, тіпті, алаяқтық жағдайлары анықталып жатыр. Мұндай фактілер лицензия беру, қаржыландыру, бақылау жұмыстарының әлсіздігін көрсетеді. Сонымен қатар кейбір әкімдік жоспарлау кезінде үлкен қателіктер жіберген. Атап айтқанда, демографиялық өсім мен аумақтық даму мәселелері ескерілмей, жеке мектептерді ашуға беталды рұқсат берілген. Соның салдарынан бір жерде мемлекеттік және жеке мектеп қатар салынған. Ал шын мұқтаж аудандарда білім беру инфрақұрылымы сол күйі дамымай қалған. Бұл ведомствоаралық байланыстың әлсіздігін көрсетеді, жұмысқа жүрдім-бардым қараудың дәлелі. Орта білім беру жүйесін демографиялық есепке және нақты нәтижелерге негіздей отырып кешенді түрде дамыту қажет. Қолданыстағы модельді түбегейлі өзгерту керек", — деді Тоқаев.