Қазақстанда дәрі-дәрмектің 500-ге жуық жаңа түрі шығарылатын болады

Depositphotos.com
Depositphotos.com
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда сегіз ірі инвестициялық жоба шеңберінде медициналық препараттардың 494 атауын өндіруді жолға қою жоспарлануда. Оларды жүзеге асыру отандық дәрі-дәрмектер шығаруды кеңейтуге, 1 200-ден астам жұмыс орнын ашуға және елдің дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі UKIMET-ке сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрлігі жасаған сегіз инвестициялық жоба бойынша келісімдердің жалпы сомасы $862 млн-ды құрайды. Өндіріс кезең-кезеңімен игерілетін болады: дәрі-дәрмектердің алғашқы 300 атауын 2027-2030 жылдары шығару жоспарлануда.

Отандық фармацевтика өнеркәсібі тұрақты өсуді көрсетуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық дәрі-дәрмектерді өндіру көлемі 37%-ға артты. 2026 жылдың сегіз айында 157 млрд теңгеге өнім өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 30%-ға артық. Соңғы 2 жылда салаға салынған инвестициялар көлемі 3,3 есеге, ал экспорт 1,9 есеге өсті.

Экспортқа жолданатын негізгі мемлекеттер қатарына Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия, Молдава кірді. Отандық фармацевтикалық өнімнің халықаралық нарықтарға шығуының бір мысалы Шымкентте өндірілген қант диабетін емдеуге арналған дәрілік препаратының бірінші партиясын Болгарияға жеткізу болды.

Саланы одан әрі дамыту үшін Министрлік өндірушілермен ұзақмерзімді шарттарды кеңейтуді және отандық өнімді сатып алу тетіктерін жетілдіруді жалғастырады. Жаңа жобаларды жүзеге асыру елдің өндірістік базасын нығайтуға және қазақстандық өндірістегі дәрі-дәрмектер ассортиментін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Алматыда 32 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 170 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр