Қазақстан өңірлерінде жаңа зауыттар, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар ашылды

10.08.2026 08:45
Primeminister.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында ел өңірлерінде экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортты алмастыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, жаңа өндірістер, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар пайдалануға берілуде, деп хабарлайды Аlmaty.tv Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Солтүстік Қазақстан облысында тауарлы сүт фермасы пайдалануға берілді. Бірінші кезеңде 800 басқа арналған қора, сүт блогы, 550 басқа арналған сауылмайтын және бұзаулы сиырларды ұстауға арналған үй-жай, екі бұзау қора және құрама жем зауыты салынды. Кешен аумағында Орталық Азиядағы ең ірі 100 басқа арналған сауу каруселі орнатылған. Осы уақытқа дейін Германиядан 585 бас асыл тұқымды мал әкелінді. Жыл соңына дейін тағы 660 бас әкелінеді. Жоба бойынша мұнда жалпы саны 12 мың басқа жетеді.

Абай облысында күнбағыс тұқымын өңдеу және өсімдік майын өндіру зауыты пайдалануға берілді. Жобаның құны 7 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын тәулігіне 300 тоннаға дейін май өндіруге, 500 тоннаға дейін тұқым тазартуға және құрама жем шығара алады. Мұнда 120-дан астам жұмыс орны құрылған, өнім ішкі нарық пен экспортқа бағдарланған.

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында құны 5,5 млрд теңге болатын құс фабрикасы ашылды. Кәсіпорынның қуаты – жылына 6 мың тоннаға жуық құс еті. 12 құс қора, сою және инкубация цехы бар нысанда 120 жұмыс орны құрылды. Өнім өңірге және көрші облыстарға жеткізілетін болады.

Қарағанды облысында кірпіш зауыты іске қосылды. Жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 1,5 млрд теңгеден астам. Кәсіпорынның қуаты – жылына 45 миллион кірпіш. Жекеменшік саз кен орны бар нысан өндірістің толық цикліне ие. Одан шығатын өнімдер Қарағанды және Ақмола облыстарының қажеттіліктерін қамтамасыз етеді.

Қызылорда облысының Жаңақорған кентінде су тарату стансасы мен жеткізу желісі пайдалануға берілді. Құны 1,1 млрд теңге болатын жоба мемлекетке қайтарылған активтер қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Нәтижесінде 1500-ге жуық үй сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді.

Талдықорған қаласында әлеуметтік осал санаттағы 41 отбасы «Береке» коттедж қалашығынан, «Жастар-3» тұрғын алабынан, «Шығыс», «Құлагер» шағын аудандарынан және Қ.Жалайыри даңғылынан жаңа баспананың кілттерін алды. Биыл облыс орталығында 1,4 мыңға жуық адам қоныс тойын тойлайды.

Шымкентте кезекте тұрғандар есебіндегі 80 отбасы (көп балалы және толық емес отбасылар, мүгедек азаматтар, жетім балалар) сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтер алды.

Түркістан облысы Сауран ауданы Шорнақ ауылында құны 1,7 млрд теңге болатын жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. 1 га аумақты алып жатқан нысанда баскетбол, бокс, күрес және спорт залдары орналасқан. 40 жаңа жұмыс орны құрылды.

Түркістан облысы Кентау қаласының Қарнақ тұрғын үй алабында 300 орындық Достық үйінің ғимараты ашылды. Ғимараттың жалпы ауданы – 2,8 мың шаршы метр. Нысан мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған заманауи жабдықтармен толық жабдықталған.

Толық көрсету