2024 жылы шаһарда шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында бюджеттен 53 миллиард теңге бөлінді
Алматыда шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында 2024 жылы бюджеттен 53 миллиард теңге бөлінді. Ал 2025-те бұл көрсеткішті 71 миллиардқа жеткізу жоспарланған. Нәтижесінде тағы 2 мың жаңа жобаға қолдау көрсетілмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шағын және орта бизнес Алматы экономикасы үшін маңызды рөл атқарады. Статистикаға сүйенсек, биыл қалада 924 мыңға жуық адам кәсіппен айналыса бастаған. Негізгі салалар қатарына сауда, қызмет көрсету, өндіріс және IT технология кіреді.
"Алматыда қызмет көрсету саласы жақсы дамып келе жатыр. Сондай-ақ логистика саласында өркендеу бар. Бизнесті қолдайтын лизингтік бағдарламаларды көп байқаймыз", – деді экономист Бақытжан Омаров
Жергілікті биліктің жоспарына сай, шағын және орта бизнестің қала экономикасына қосар үлесін 2030 жылға қарай 75 пайызға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Шаһар экономикасының өсу деңгейіне тоқталайық. Биылғы көрсеткіш шамамен 5,5 пайызды көрсетті. Келер жылы өсімді 6,4 процентке жеткізу жоспарланған.
Ал экономист Мақсат Халық шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасау бойынша Қазақстан Doing Business рейтингінде 25 орынға тұрақтағанын айтып, Алматы қаласының ондағы үлесі жоғары екенін жеткізді.
"Алматы қаласының ел экономикасына қосып отырған үлесі өте жоғары. Егер Атырау да донор қала ретінде қаралады. Бірақ негізінен шикізаттық қала, мұнай мен газ арқасында мемлекетке донор ретінде қызмет жасайды. Ал Алматының ерекшелігі – бұл негізінен кәсіпкерлік дамыған, іскерлік орта қалыптасқан қала", – деді экономист Мақсат Халық.
Алматының инвестиция тарту бойынша көшбасшылар қатарында екені айтпаса да белгілі. Мәселен биыл 11 айдың ішінде негізгі капиталға 1,5 трлн теңге салынған. Инвестициялық өсім өңдеу өнеркәсібінде, білім беру, электр және жылумен, сумен жабдықтау, көлік, денсаулық сақтау салаларында байқалған. Болжам бойынша, 2024 жыл аяқталғанға дейін сандар тағы өсіп, инвестиция көлемі 2 трлнға жетуі мүмкін. Ал 2025-те қалаға сырттан 2,3 трлн теңге тарту жоспарланған.
"Сырттан инвесторлар келеміз десе де, Алматы қаласын үлкен басымдыққа қояды. Себебі біріншіден, қалада инфрақұрылымдық жағдай қалыптасқан, институттық мүмкіндік бар. Екіншіден, халықтың төлем қабілеттілігі де жоғары. Өңірлермен де салыстырғанда Алматы табыс деңгейі жағынан көшбасшы қалалардың қатарына жатады", – деді Мақсат Халық.
Алматылықтардың әл-ауқатын арттыру маңызды екеніне әрдайым айрықша мән беріліп келеді. Биыл қаладағы орташа айлық жалақы мөлшері 6,1 пайызға өсіп, 470 мың теңгеге жеткен. Жылдық инфляция 2024 жылдың соңына дейін 8,5 пайызға дейін, ал 2025 жылы 7,5 пайызға дейін баяулайтыны болжанып отыр. Тағы бір атап өтер жайт, биыл Алматыда 68 мың жұмыс орны ашылған. Соның есебінен жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз төмендеген.
Рүстем Айткәрім, Рашиддин Якупов